Жыл басында Ішкі істер министрлігі шетелдік көліктерге қатысты мәлімдеме жасаған болатын. Онда шетелдік ел аумағында тіркелмеген көліктерге шара қолданылатыны, тіпті елде жүруіне тыйым салынатыны айтылды.
Министрліктің мәлімдеуінше, 2014 жылдан бастап 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін Армения мен Қырғызстанда тіркелген автомобильдерді Қазақстанға кедендік баж бен салық төлемей кіргізу тек сол елдердің азаматтарына ғана рұқсат етілген. Ал одан өзгелері барлық кедендік және утилизациялық төлемді, салықты төлеп, тіркетуі керек. Бұлай болмаған жағдайда ел аумағынан шығарылатыны хабарланды.
Елімізде 170 мыңға тарта шетелден әкелінген көліктің болуы, басқа да түсінбеушілік халықты алаңдатты. Осы мәселеге қатысты ресми орган өкілдері, сарапшылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері өз пікірлерін білдіріп, мәселені шешуге қатысты ұсыныстарын да айтты.
Деректерге сүйенсек, шетелден әкелінген көліктердің 1884 жол оқиғасына қатысы бар. Оның салдарынан 132 адам қайтыс болып, 500-ден астам адам жарақат алған. 2019 жылы бейнекамералар 1,1 млрд теңгеде көлеміндегі 90 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеді. Аталынған автокөліктердің қазақстандық тіркеуі болмағандықтан, салынған айыппұлдарды төлету мүмкін емес.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге қатысты Президент өз ойын білдіріп, Бас прокуратураға «Мәселені шешу үшін Үкімет бір ай ішінде бір реттік тәртіппен 2020 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстан азаматтарының ЕЭО-дан жеке пайдалану үшін әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі керек», деп тапсырма берді.
Бұл шешім Президенттің қоғамдағы түйткіл мәселелерді әрдайым назарында ұстайтынын көрсетті. Өйткені көліктерді қазақстандық тіркеуден өткізу немесе шетелге қайтаруға бір жыл мерзім берілуі автокөлік иелері үшін үлкен мүмкіндік.
Алмас АРЗЫҚҰЛОВ,
Президент жанындағы Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері