• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Ақпан, 2020

Баршасы жұмыла қар күреді

458 рет
көрсетілді

Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, студенттер, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпорындар мен ПИК қызметкерлері қысқы сенбілікке қатысты. Елордада 5 мыңнан астам тұрғын қар күреуге шықты.

«Біз біргеміз!» челленджін елор­даның жүздеген мың тұрғыны қолдап, ком­муналдық қызметтерге қар құрсауымен күресуге көмектесуде. Аталған акция аясында біріккен елордалықтар қар тазалау бойынша жалпы қалалық сен­білік ұйымдастырды. Қала тұрғын­дары елорданың аулалары мен тротуар­ларындағы қарды тазалап, коммуналдық қызметтерге көмек қолын созды.

Қаланың әр бөлігінде тұрғындардың күшімен 4800 текше метрден астам қар жиналды. Волонтерлер, блогерлер, қазақ­стандық эстрада өнерпаздары Рүстем Жү­гінісов, Айгүл Иманбаева, Тұрсынбек Қабатов, TerriTima, Әлия Әлімжанова, Әділ Ахметов, Ғани Әжікенов сияқты бел­сенді қала тұрғындарының бірлескен күшімен көмекке мұқтаж зейнеткерлердің үйінің  аулалары қардан тазартылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы этно­мәдени бірлестіктерінің өкілдері «Өндіріс» тұрғын үй алабында тұратын ҰОС ардагерлері мен қарт зейнеткерлерге қар күреуге қол ұшын созды.

Сонымен қатар бұл іске жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, білім беру және денсаулық сақтау мекеме­лерінің қызметкерлері де қатысып, олар өз ғимараттарының аумағын қардан тазартты.

Сенбілік іс-шараға барлығы 475 қыз­мет көрсетуші ұйым қатысып, 978 аула жиналды. Елордалық волонтерлер шта­бы­ның жетекшісі Шыңғыс Тілеулин атап өткендей, қысқы мерзім ішінде мұндай көмек мұқтаж тұрғындарға тұрақты негізде көрсетілетін болады.

«Суық біз үшін қорқынышты емес. Сондай-ақ ыстық шай мен азық-түлік себеттерін тарататын боламыз, қар тазалап, елордалықтарды бірлесіп игі істер жасауға шақырамыз», деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, «Біз бірге­міз!» челленджі елордалық тұрғындар арасында танымалдылыққа ие болып, қала тұрғындарының көбі қала аумағын қардан тазартып, әлеуметтік желілерде #Бізбіргеміз хештегімен бейне және фото­суреттерді орналастыруда. Акция жыл басында басталған болатын. Гидро­ме­теорологиялық орталықтың мәліметтері бойынша қаңтар айында Нұр-Сұлтанда қар қалыңдығы рекордтық дәрежеге жеткен. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 1964 жылы белгіленді.