Бүгінде қоғамға табысты идеяларды қалыптастыра алатын, креативті ойлайтын жастар керек. Бұл орайда Тараз қаласында тұратын талантты жас ғалым Исаак Мустопуло өзінің қарым-қабілетімен ерекше дараланып көрінеді.
Жас ғалым ғарышқа ұшу үшін балама энергия көздерін алу жолын зерттеп, өзіндік теориясын жасап шыққан болатын. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан он жеті жасар ғалым ғылым жолында бұдан да басқа ізденістерге барып жүр. Оның Лондон қаласында әлемге әйгілі физик Стивен Хокингпен кездескені де талайдың қызығушылығын тудырды. Жас ғалым осы уақытқа дейін мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған STEM инновациялары ұлттық конкурсының лауреаты атанып үлгерді. Сондай-ақ былтыр қараша айында Корея елінде әлемнің 23 елінің өкілдері қатысқан ақпараттық технологиялар байқауында да үздік деп танылып, жеңіске жетті.
«Бүгінде біздің қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша жағдай жасалуда. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Шындығында, әлемдегі барлық сала қарқынды даму үстінде. Мұндай үдерістен Тараз қаласы да қалыс қалмай келеді», дейді И.Мустопуло. Исаак жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен кездесіп, ғылым жолындағы жаңалықтарымен бөліскен еді. А.Мырзахметов И.Мустопулоға жақында ашылған Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында ғылым жолында ізденіп жүрген жастар үшін үйірме немесе клуб ұйымдастыру туралы ұсынысын айтқан болатын. Исаак бұл бастаманы қуана қолдады. Себебі, ол да өзі оқитын мектептің қабырғасында осы іспетті шаруа ұйымдастыруға әрекеттеніп жүр екен. Мақсаты – ғылымның шыңына шығу, қоғам игілігіне жарайтын жаңалықтар ашу. «Егер клубты облыс көлемінде ұйымдастыратын болса, онда жастар үшін кең перспективаларға жол ашылатын болады», дейді жас ғалым.
Бүгінгі таңда өңірде 166 балабақша мен 331 мектепте инклюзивті білім беруді дамытуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Аталған білім нысандарында пандустар, тұтқалар, кең есіктер, демалыс бұрыштары, тактильді жолдар және дене мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін басқа да қолайлы жағдайлар жасалған. Бұдан өзге 46 орта және арнаулы оқу орындарының 20-сында ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттердің еш кедергісіз білім алуы қамтамасыз етілген. Бұл жерлерде де Исаак Мустопуло сияқты шектеулі мүмкіндігі арман жолына кедергі бола алмайтын білімді жастар өсіп келеді.
Жамбыл облысы