Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті жол ережесін көзге ілмейтін «жүгермек» жүргізушілердің рейтингін жариялады. Мәлім болғандай, жол ережесін ең көп бұзғандардың көшін шетелдік есепте тұрған көлік құралдарының иелері бастап тұр.
Полиция департаменті таратқан мәліметке қарағанда, Қазақстанда тіркелмеген көліктердің жүргізушілері жауапқа тартылмайтынын сезіп, жүйелі түрде ереже бұзып келген.
Қазіргі таңда белгілі болғандай, 2019 жылдың қазанынан бастап Әкімшілік полиция сақтандыру компанияларының базасына кіруге рұқсат алды. Бұған дейін шетелдік нөмірі бар көлік иелері айыппұлы 817 млн теңге көлемінде ереже бұзған. Алайда, айыппұлдың 93%-ы төленбеген. Жүргізушілер тиісті органдардың шарасыздығын, «тісі батпайтынын» пайдаланып, жолдағы басқа көліктерге кедергі келтірген және апаттық жағдайлар туғызған.
2019 жылы ереже бұзған жүргізушілер рейтингі:
Анти-рейтингте бірінші орында Армения Республикасында есепте тұрған «BMW» маркалы көлік иесі тұр. Бұл көліктің иесі – Қазақстанның 1989 жылы туған азаматы, ол өткен жылы 437 рет ереже бұзған.
«Toyota Camry» көлігі 369 рет әкімшілік құқық бұзған. Бұл көлік те көрші елде есепте тұр, оның иесі – 1969 жылы туған ер адам. Ол «мәртебелі» екінші орынға ие.
Үшінші және төртінші орынды екі көліктің иесі – 1987 жылы туған азамат алған. Оның көліктері де Арменияда есепте тұр. «Toyota IPSUM» маркалы көлікпен 72 рет әкімшілік құқық бұзса, «Nissan Tida» – 69, жалпы 141 рет ереже бұзған.
Бесінші орында – 29 жастағы астана тұрғыны. Ол «Porsche Cayenne» маркалы көлігімен 74 рет жол ережесін бұзған. Бұл көлік те шетелде тіркелген.