Ақылы жолдарда төлем алу жүйесін орнату және қызмет көрсетуге қатысты инвестициялық жоба аясында биыл еліміздің тас жолдарында бейнебақылау камералары орнатыла бастайды. Жалпылай алғанда, еліміздің республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 11 мың шақырымында 600 бейнебақылау камерасы орнатылады деп жоспарлануда.
Камералар ел жолдарындағы қозғалысты тәулік бойы бақылайды. Тұтастай алғанда, мұндай қондырғылар 2024 жылға дейін еліміздегі республикалық маңызы бар жолдардың 32 учаскесінде пайда болмақ.
Әзірлеушілердің айтуына қарағанда, есептеу қуаттылығы мен арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету ақпараттың кең көлемін нақты уақыт режімінде өңдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, көлік қозғалысының жылдамдығы мен бағыты, жеке деректерді пайдаланусыз көлік құралының типі, сондай-ақ жол жиегімен қозғалып келе жатқан және мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген автокөліктер анықталатын болады. Бейнебақылау камераларының басты міндеттерінің бірі – белгіленбеген жерде тоқтау, кері бағытта қозғалу, қозғалыстың қарсы жиегімен жүру, жылдамдықты асыру сияқты жолда жүру ережелерін бұзудың фактілерін тіркеу. Бұдан бөлек, жүйе автоматты режімде жол трафигінің мөлшерін тіркеуге, камераның осіне қарамастан көлік құралының қозғалысын анықтауға мүмкіндік береді.
Жолдарда төлем алу жүйесі инфрақұрылымның кең шоғырын ұсынбақ. Осылайша, оларға стационарлы бақылау пункті, автоматты идентификациялау құралдарының аппаратты-бағдарламалық кешені, мониторинг, деректерді өңдеу, пайдаланушылармен жұмыс орталықтары, сондай-ақ деректерді жіберуге арналған байланыс каналдары жатқызылатын болады.
«QazAvtoJol» ұлттық компаниясы өткен жылдың желтоқсанында республикалық маңызы бар автомобиль жолдары арқылы жүріп өту үшін ақы алу жүйесін орнату және қызмет көрсету бойынша инвестициялық конкурстың қорытындысын жариялағанын еске салайық. Оның қорытындыларына сәйкес қазақстандық және тайваньдық консорциуммен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылған.