• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 06 Ақпан, 2020

Алда тұрған және атқарылған жұмыстар сараланды

393 рет
көрсетілді

Еліміздің Жоғарғы соты 2019 жылғы жұмыс қорытындылары бойынша республика соттарымен кеңейтілген кеңес өткізді. Онда атқарылған жұмыс, жүзеге асырылған бастамалар, келелі өзгерістерге негізделген іс-шаралар туралы айтылды.

Бүгінде Жоғарғы сот Елбасы мен Мемлекет басшысының сот кадрларының, сот актілері мен сот қызметінің сапасын арттыру туралы тапсырмасын орындау барысында біраз іс-шара ат­қарған. Жоғарғы cот 17 заң жобасын әзір­леп, 9 заң қолданысқа ен­гі­зіл­ген. Қазіргі күні кем дегенде 8 заңмен жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған қоса бірқатар бас­тама жүзеге асырылып, олар су­дьялардың, адвокаттардың, заң­­герлер қауымдастығының пікір­леріне негізделген көрінеді. Мәселен, «Сот төрелігінің 7 тасы» шеңберінде сот жүйесін жаңғырту жөніндегі шаралар кешені іске асырылды. Олар тек судьялар үшін ғана емес, адамдар мен бизнес үшін де нәтиже берген. Бұл орайда Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асанов: «Көптеген іс-шаралар өткізілді. Енді нәтижелер туралы да айтатын уақыт келді. Біздің күн сайын кездесетін қиындықтарды жұрттың бәрі біле бермейді. Адамдар жылдам өзгерістерді талап етеді. Олар бізде сот төрелігінің дәл қазір мінсіз болғанын қалайды. Бірақ елеулі өзгерістер уақытты талап етеді», деді.

Жоғарғы соттың атқарған жұ­мы­сының елеулі нәтижесі деп, ақтау үкімдерінің 2 жыл ішін­де көбейгенін айтуға болады. Мә­селен, бұл көрсеткіш ауыр қыл­мыстар бойынша 15 есе, ал аса ауыр қылмыстар бойынша 5 еседен асқан. Сөйтіп қыл­мыстық қудалауға тартылған азаматтардың құқықтарын су­дья­­лардың қорғауы жақсарды. Шағымдардың 42%-дан астамы қанағаттандырылуда. Жалпы, жоғарыдағы аталған заңна­ма­лық новеллалар енгізілгеннен кейін сот жүйесіне оң өзгерістер болғаны анық. Мәселен, сот жюриі жұмысының жаңа форматы туралы Жоғарғы соттың судьясы Ақылтай Қасымов атап өтті. 2019 жылы теріс себептермен 37 судьяны жұмыстан босату ұсынылған. Бұлар – заңсыз сот шешімін қабылдаған, аттес­таттаудан өтпеген және судья этикасын бұзған судьялар. Ал сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның төрайымы, Жоғарғы соттың судьясы Лариса Шепелева мұның себептерін әлемдік үздік тәжірибелерді ескере отырып, судья­лардың кәсіби сапасын баға­лау­дың жаңа әдістемесін енгізумен түсіндірді. Егер бұрын олардың аттестаттаудан кемінде 1%-ы өтпесе, енді 10-нан астамы өте алмай отыр.

Сот төрелігі жұмысын жақ­сарту ісіне байланысты Сот тө­релігі академиясының ректо­ры Зәуреш Баймолдина сот кадр­ларын даярлаудағы және сот төрелігін жүзеге асыру сапасы­ның төмендігіне жол берген ма­мандардың біліктілігін артты­рудағы негізгі өзгерістермен таныстырды. Ал Жоғарғы соттың судьясы Айгүл Сапарова судья­ларға жаңа форматта шешімдер дайындау және оларды тиімді түсіндіру бойынша тренингтер қалай өткізілетінін айтты.

Одан әрі Жақып Асанов «Қа­зақ­станның сот төрелігі: реалиялар, трендтер, перспективалар» жинағын таныстырды. Бұл оқу құралында сот жүйесі туралы өзек­ті мәліметтер қамтылған. Оның цифрлы нұсқасы әзірлен­ген соң маз­мұны нақты уақыт режі­мінде жаңартылады. Сөйтіп мұ­ның көмегімен сарапшылар, ха­лық­аралық институттар, сот қыз­меттерін тұтынушылар кез келген уақытта сот жүйесінде не болып жатқанымен таныса алады екен. Міне, осы жинақ слайдтарын ақ­тара отырып, Жоғарғы сот төр­ағасы оған қысқаша тоқталды. Онда судьялар штатының өзгер­меген жағдайында істердің ұдайы өсуі көрсетілген. «2018 жылы сот­тарға 4,5 млн іс пен материал­дар түсті. 2019 жылы бізді 6 млн-нан астам ауқымды жұмыс күтті. Сот төрелігінің сапасын арт­тыру туралы сөз бола да алмады. Өткен жылы қабылданған заң­дардың арқасында жағдай өзгерді», деді ол. Жалпы, бұл жи­нақ кадрдағы, сот құрылысы мен сот ісін жүргізудегі, заманауи ІТ-технологиялардағы, «Сот төрелігінің 7 тасы» өзгеріс­тер бағ­­дарламасын жүзеге асырудағы бір­неше жыл ішіндегі өзгері­с­тердің динамикасын көрсетеді.

Одан әрі Жақып Асанов 2020 жылға арналған міндеттерді бел­гіледі. Олардың қатарында сот тө­релігінің сапасын мони­то­рингілеу бойынша IT-өнімді енгізу, судьялар штатын ұлғайтпай, арнайы соттар құру, қылмыстық істер бо­йынша кассацияға қолжетімділікті кеңейту, апелляцияның рөлі мен жа­уапкершілігін арттыру көз­делген. Ол сонымен қатар қоғам­мен тиімді кері байланыс құру қа­жеттілігін атап өтіп, 2020 жылды коммуникация сапасының жы­лы деп жариялады.

Кеңес жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Парламент депутаттары Нұрлан Әбдіров пен Вла­димир Волков, Жоғары сот Кеңесінің төрағасы Талғат Дона­қов, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эль­вира Әзімова, «Атамекен» ҰКП, адвокатура мен нотариат басшылары қатысты.