• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Парламент 06 Ақпан, 2020

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Сенатта Бюро отырысы өтті

623 рет
көрсетілді

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысы болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат депутаттары отырыста Салықтық базаны бүркемелеуге және пайданы салық салу аясынан алып кетуге қарсы іс-қимыл жасау мақсатында салықтық келісімдерге қатысты шараларды орындау жөніндегі көпжақты конвенцияны ратификациялады. Заң жобасын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов таныстырды.

Қосымша баяндама жасаған сенатор Ғұмар Дүйсембаев конвенция елдерге ұлттық фискалдық саясатты жүргізуде икемді болу үшін келісілген ең аз стандарттарды белгілі бір ескертпелермен қолдану арқылы қазіргі халықаралық салықтық келісімдерге BEPS бастамасының негізгі ережелерін енгізуді көздейтінін атап өтті.

Жоғарғы Палатаның жалпы отырысында сенаторлар Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын да ратификациялады.

Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков құжатты таныстыра келіп, оның міндеті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің алдын алу қызметі, экстремизмге бірлескен қарсы іс-қимыл, құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ тараптар заңнамасын бірдейлеуге ықпал ету саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін бекіту екенін атап өтті.

«Үдеп бара жатқан террористік қауіп-қатердің ғана емес, кез-келген мемлекеттік төңкерістің алдын алу тұрғысында заңды билікке зорлық әрекет жүргізуге қарсы іс-қимыл жасауға жол бермейтін құқықтық негіздер – қарастырылып отырған құжаттың жаңалығы болып табылады», деді Нұржан Нұрсипатов.

Сенатта сондай-ақ Тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттама да ратификацияланды.

Осы заң жобасын таныстырған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құжаттың мақсаты соғыста тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдарды, сондай-ақ кез келген сол тектес сұйықтықтарды, заттар мен процестерді, сондай-ақ соғыс кезінде бактериологиялық құралдарды қолдануға тыйым салуды бекіту екенін хабарлады.

Сенат отырысы барысында 14 депутаттық сауал жария етілді. Депутаттар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелеріне баса назар аударды.

Сенат басшысы өз сөзінде инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бүгінгі таңда халықтың әл-ауқатын өсіруді қамтамасыз ету тұрғысында аса маңызды екенін атап өтті. 

«Көнерген инфрақұрылым: су, коммуникация, электр желілері, жолдар, көпірлер – аса маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Үкіметке инфрақұрылымды жаңғырту проблемаларын қарауды әрі оны жұмыстың басты мәселесі етуді ұсыну қажет болып отыр. Инфрақұрылым нысандары жағдайының нашарлығына байланысты біз суды, электр қуатын және басқа да ресурстарды жоғалта бастадық. Өңірлер арасындағы байланыс әлсіз дамуда, өйткені тиісті инфрақұрылым жетіспейді. Депутаттар осы мәселемен тығыз айналысу керек деп ойлаймын», деді Д.Назарбаева.