Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов орталық және жергілікті атқару органдары басшыларының қатысуымен селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Онда Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері төтенше жағдайлар зардаптарын жою және су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру іс-шараларын ұйымдастыру жұмыстары жөнінде баяндады.
Алматы облысының әкімі С.Үмбетов Ақсу ауданындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен елді мекендердегі жағдайдың қалыпқа түсіп келе жатқанын, қалпына келтіру жұмыстарына 52 құрылыс ұйымдары тартылып, жаңа үйлер құрылысы басталғанын хабарлады. Қазіргі күні төтенше жағдайдың зардаптарын жою үшін 2 миллиард 700 миллион теңгеден астам ақшалай және материалдық көмек жөнелтілді.
Тарбағатай ауданындағы ағымдағы жағдай туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаев хабарлап, бүтіндей алғанда ахуалдың бақылауда тұрғанын жеткізді. Тасқынға қарсы жұмыстар жүргізу үшін Үкімет 850 миллион теңге бөлді. Құтқару және қалпына келтіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар, Көлік және коммуникация, сол сияқты Қорғаныс министрліктерінің күштері жұмылдырылуда.
Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мемлекеттік материалдық резервтерден қажетті заттар дайындау жөнінен жұмыстардың басталғанын хабарлады. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары облыс әкімдігі өкілдігімен бірлесіп, аудандағы қар ерудің жағдайын қадағалауда және қауіпті деген аймақтардағы су тасқыны ахуалына үнемі мониторинг жүргізуде.
К.Мәсімов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеевке Шығыс Қазақстан облысына барып, әкіммен бірлесе отырып, жергілікті жерде қажетті шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.