• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Ақпан, 2020

Жаңа аумақ тұрғындарына ауызсу жетті

377 рет
көрсетілді

Бүгін «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы филиалының №1 насос стансасынан Әйтеке би кентіндегі жаңадан тұрғын үйлер салынған 2 квартал аймағына ауыз су берілді. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Осыдан 3 жыл бұрын кенттің осы аумағынан  тұрғындарға үй салу үшін 56 гектар жер берілген болатын. Қазір мұнда 80-ге жуық баспана бар. Осыған дейін жол салынып, электр жарығы мен газ желісі жүргізілген. Шешімін таппаған тек ауыз су ғана болатын. Міне, бүгінде республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ауыз су сервистік желіге қосылды.  Бұл осыған дейін суды сырттан тасып ішкен тұрғындар үшін жақсы жаңалық.

Осыған орай өткен шарада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

– Халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы өте зор. Сондықтан бұл мәселені біз күн тәртібінен түсірген емеспіз. Бүгінде аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендерге дейін су желілерін тарттық.  Енді біртіндеп барлық ауылдарды сервистік желіге қосу үшін жұмыс жатырмыз. Өткен жылы Ү.Түктібаев ауылы мен Жалпақ елді мекені сервистік желіге қосылды. Енді бізде 3 елді мекен қалды. Бұған тиісті құжаттары дайындалып, қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім тапсырылған. Қазір қаржыландырылуын күтіп отырмыз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.