• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Ақпан, 2020

Түркістан: Көпбалалы аналар мұң-мұқтажын облыс әкіміне айтты

265 рет
көрсетілді

Бүгінде облыс әкімі, орынбасарлары аудандарға барып, жергілікті тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдауда. Мысалы, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығынан шалғай аумақта орналасқан аудан тұрғындарымен жүздесу үшін Шымкент қаласына арнайы барды. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, заң аясында жауап берді. Кей мәселе бойынша тығырықтан шығу жолдары мен тәртібін түсіндірді.

Көкейтесті мәселесін облыс әкімінің алдында ақтарған тұрғындардың бірі - төлебилік Ұрзия Сергебаева баспана тауқыметін тартып келеді екен. Жалдамалы пәтерді паналап жүрген бес баланың анасы тұрақты баспанаға мұқтаж. 1,5 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алған ана, ағылшын және араб тілдерінен ақылы сабақ берумен айналысады екен. Көпбалалы ананың өтінішін тыңдаған облыс басшысы аудан әкімдігіне тиісті тапсырма берді. Баспана тауқыметін тартқан тағы бір көпбалалы ана – Жазира Тұрғынова. Жеті баланың анасына әкімдік демеушілердің көмегімен Ленгір қаласынан 8,5 млн теңгеге 5 бөлмелі, толық жиғаз-жабдықтармен қамтылған жеке үй сатып алып берген. Отағасына бірнеше жерден жұмыс та ұсынылыпты. Дегенмен көпбалалы ана үйінің қазір апатты жағдайда екенін айтып шағымданды. Өмірзақ Естайұлы отбасының тұрмысын арнайы комиссия тексеріп, қажет болса демеушілер есебінен «Қамқорлық» жобасы аясында көмек көрсетілетінін айтты. Ал Мақтаарал ауданы, Мырзатөбе елді мекенінен келген Оңласын  Назаров балабақша ашып, спорт кешенін салуды және елді мекенді табиғи газбен қамту өтінішін жеткізді. Бұл орайда облыс әкімі аудан әкімдігіне ауылдағы «Махамбет Өтемісұлы» атындағы №28 жалпы орта мектебінің ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, балабақша ашуды, жергілікті бюджет есебінен спорттық алаңша салуды және ауылды көгілдір отынмен қамтуды қолға алуды тапсырды.

Қабылдауға келгендер арасында белгілі бір мәселеге байланысты ұсыныс-жобаларын жеткізгендер де болды. Мысалы, Ермахан Кускеев Ясауи мен Арыстан баб кесенелері аралығындағы атырапқа түркі елдеріндегі ең озық мәдени мұралардың жиынтығын жасақтау жоспарымен таныстырды. Жалпы облыс әкімінің жеке қабылдауына келген тұрғындар көтерген мәселелер бақылауға алынып, оларды шешу аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына жүктелді.