Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Көлік жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
«Еліміздің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту мәселелері – Үкімет жұмысының аса маңызды бағыты. Көлік саласы Қазақстанның экономикалық өсімінің драйверлерінің бірі және дамудың үлкен әлекетіне ие. Осыған байланысты Көлік жөніндегі кеңесті құру туралы шешім қабылданды», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы көлік секторы Қазақстанның ІЖӨ 8,2% құрайтынын атап өтті. 2019 жылдың қорытындысы бойынша сала өсімінің қарқыны 5,1% құрады, ал жұмыспен қамтылған қызметкерлер саны 640 мың адамнан асады.
Көлік жөніндегі кеңес Қазақстанның көлік саласын және транзиттік әлеуетін дамытудың өзекті мәселелерін, өңірлік көлік-логистикалық хабты құру, тұрғындардың мобильділігін арттыру, ел аумағы бойынша жүктердің жеткізілу мерзімін қысқарту т. б. міндеттерді қарастырады.
Кеңес құрамына мемлекеттік органдардың және көлік саласындағы ірі компаниялардың басшылары кірді.