Биыл хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы елдік деңгейде аталып өтілуде. Бұл бастамаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдіріп, ұлы ақын тойының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына мән берген болатын. Осы орайда қара өлең құдіретінің 175 жылдығына арналған іс-шара Әулиеата топырағында да бастау алды. Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде қала әкімдігі, облыстық Білім басқармасы мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің ұйымдастыруымен «Ұлы Абай әлемі – халықтың мәңгілік өшпес мұрасы!» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Ұлы ақынның мерейтойына арналған кешке келушілер әуелі «Абай – бейнелеу өнерінде» атты көрмені тамашалады. Бұдан кейін «Абайдың дүниеге келуі» атты театрландырылған қойылым сахналанды. Қойылым барысында қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында «Торы жорға» күйі қойылса, «Шолпы» би ансамблінің арулары мың бұрала би биледі. Аталған сахналық қойылым Ұлжан ананың ұлы Абайды өмірге әкелген сәті мен әкесі Құнанбайдан халықтың сүйінші сұрағаны, әке Құнанбайдың ұлына Ибраһим деп есім бергенін сүйіншілей жеткізуі мағынасында өрбіді.
Бұдан кейін «Мен ішпеген у бар ма?» атты Абай өлеңдерінен композиция қойылды. Ал, белгілі актер Мұрат Құсайыновтың орындауындағы Абай қарасөздерінен құрылған композиция көпшіліктің көңілінен шықты. Хакімнің төртінші қарасөзінде айтылатын «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», деген өсиет сөздері бүгінігі ұрпаққа да айтылған аманат секілді әсер етті.
Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектаклінен сахналанған үзінді өзінің көркемдік көкжиегімен де көрерменге ерекше күй сыйлады. Ауылдың жастары ақын Айдар мен ару Ажар арасындағы махаббат сезімі, осы мәселе төңірегінде Абай мен Жиренше арасындағы тартыс сияқты көріністер көрерменді бей-жай қалдырмады. Жалпы кеш барысында Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем» атты әндері орындалды. Сондай-ақ танымал актер Ұлан Абзалиев Абайдың өсиет сөздерін оқып, кешті қорытындылады.
Жамбыл облысы