• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2020

Бағдат Сәмединова, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі: Қашанда іргеміз ажырамасын

1335 рет
көрсетілді

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Бағдат Сәмединова Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты пікір білдірді деп хабарлайды egemen.kz тілшісі.

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы оқиғаны әлеуметтік желілерден естіп-біліп жатырмыз. Президентіміз араласып, жағдайдың алдын алуға шақырып жатыр екен. Ауыл ақсақалдары тұрғындар арасындағы кикілжіңді өзара шешіп отыратын еді. Бір түсінбеушілік болып тұрған шығар. Сабыр тілеймін, мәселені ақылдылықпен асықпай шешкен жөн. Бәрі жақсы болады деген үміттемін. Бұл оқиғаның анық-қанығын біле бермейміз, сол себептен арандап қалмау керек деп есептеймін. Бұрынғы заманнан қаншама ұлт өкілі елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Ғасырлардан келе жатқан бірлігіміз ажырамасын, - деді әнші.

Бағдат Сәмединова өзге ұлтқа пана болған, мейірім көрсеткен, бір нанды бөліп жеген халық екенімізді еске салды.

- Қазақ халқы мейірбан халық, өзге ұлттарды өзекке теппей, қайта бауырына тартқан. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген, әрдайым түсіністік болсын деп тілеймін. Халықты сабыр болуға шақырамын. Қашанда іргеміз ажырамасын. Мектеп балалары арасындағы төбелесті де дауға айналдырып жіберетіндер бар, шекіскен оқушыларды мұғалім татуластырып, достастырып жіберетін. Бірлігіміз бекем болсын, - деді әнші.

Еске сала кетейік, Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірген-ді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.

Ал бүгін Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.