АҚШ Сенаты президент Дональд Трампты ақтап шықты. Импичмент жариялауға қатысты дауыс берген жоғарғы палата депутаттарының 52-сі Ақ үй басшысына тағылған айыппен келіскен жоқ. Сенаттың осындай шешім шығаратыны күні бұрын белгілі еді. Әйтсе де, халықаралық қоғамдастықты ақталып шыққан Трамптың алдағы әрекеті қызықтырып отыр.
Ақ үй басшысына сенімсіздік білдіру мәселесі былтыр көтерілген-ді. Өкілдер палатасы Д.Трамп өкілеттігін асыра пайдаланып, биылғы президенттік сайлаудағы қарсыласы Джо Байденге қарсы астыртын дерек жинауға тырысқан. Ол Украина президенті Володимир Зеленскиймен әңгіме барысында Д.Байденнің осы елдегі газ компаниясында лауазымды қызмет атқарған ұлына қатысты тың деректер тауып беруді сұраған-мыс. Алғашқыда бұл мәліметті құпия дереккөз хабарлаған екен. Кейінірек екіжақты әңгіменің стенограммасы америкалық медиаға тарап кетті.
АҚШ заңы мұндай қателік жасағанның басынан сипамайтыны белгілі. Президенттің шалыс басқан қадамы бірден қоғам сынына ұшырады. Әсіресе елдегі демократтар Д.Трампты айыптап, Өкілдер палатасы тексерісті бастап кеткен. Бірақ бұған қарсылық танытуға тырысқан президент әкімшілігі «артық қылам деп, тыртық қылып алды». Олар тергеушілердің іздеген құжаттарын тауып беруге кедергі келтірген. АҚШ-та баспасөз бостандығы мен сөз еркіндігі бар. Соған сәйкес тіпті Ақ үйдің өзінен мәлімет сұратуға кез келген журналист те, тергеуші де құқылы. Президент әкімшілігінің әрекеті осы заңға қарсы келгендіктен, Өкілдер палатасы Д.Трамп Конгресс жұмысына кедергі келтірді деп тағы бір айып тақты.
Президентке импичмент жариялау мәселесі Өкілдер палатасында ұзақ қаралды. Куәгерлерді тыңдап, деректер мен дәлелдерді саралаған төменгі палата көп ұзамай Д.Трампқа сенімсіздік білдірген. Мұның себебі түсінікті. Қазіргі АҚШ президенті республикашылар тарапынан сайланған. Ал Өкілдер палатасының негізін демократтар құрайды. Яғни екі тарап саяси сахнада бір-біріне қарсылас саналады.
Алайда Өкілдер палатасының аппараты аталған құжатты Сенатқа өткізуге асыққан жоқ. Төменгі палата спикері Нэнси Пелоси оған таяуда ғана қол қойып, ресми түрде Сенатқа табыстады. Осылайша, жоғарғы палата Трамптың тағдырына қатысты құжатты 21 қаңтардан бастап егжей-тегжейлі зерттеуге кіріскен. Әйтсе де Сенаттың импичмент жарияламайтыны әу бастан белгілі-тұғын. Өйткені жоғарғы палата депутаттарының 53-і – республикашылар. Яғни Д.Трамптың жақтастары соңғы шешім қабылдауда басымдыққа ие. Ал Сенаттағы демократтардың саны 45 болса, екі сенатор еш партияға кірмейді.
АҚШ заңы бойынша Д.Трампты өз құзыретін асыра пайдаланды деп тану үшін палата депутаттарының үштен екісі импичмент құжатын қолдап дауыс беруі керек. Көптің болжамы қателеспеді. Сенат Д.Трампты ақтап шықты. Жоғарыда келтірген бірінші айыптауға 52 республикашы қарсылық білдірген. Екінші мәселеге қатысты да көпшілік Ақ үй басшысын жақтап шықты. Осылайша, республикашылар өз өкілін далаға тастаған жоқ.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Стефани Гришам осы оқиғаға қатысты пікір білдіріп, Д.Трамптың әрдайым халықтың мүддесін жоғары қойғанын мәлімдеді.
«Осы жемқорлық процесі кезінде президент Трамп АҚШ мүддесін әрдайым сәтті қорғап, америкалықтарды мазалайтын мәселелерге назар аударды. Ол ел халқына қажетті жеңістерге қол жеткізсе, демократтар өздерінің жымысқы әрекетінен тағы да пайда көрген жоқ», деді С.Гришам.
Д.Трамп мұндай жеңіске ерекше қуанды десек қателеспейміз. Сенаттағы дауыс беру аяқталғаннан кейін ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, жиынға «Трамп ақталды» деп үлкен әріптермен жазылған Washington Post газетінің нөмірін қолтығына қыстыра келіпті. Сондай-ақ «өмірде қателестім. Оны мойындаймын... Бірақ нәтижесі мынау» деп газетті көпшілікке көрсетті.
Бұдан бөлек, АҚШ президенті бірқатар мәселенің басын шалса да, қатты қапаланғанын байқау қиын емес. Әсіресе ол президентке лайық емес сөздер қолданғаны мұхиттың арғы бетінде қызу талқыланып жатыр. Сонымен қатар Д.Трамп өзіне қарсы келгендерді аямайтын сыңайлы. Politico сайтының мәліметіне сүйенсек, Ақ үй басшысы жоғарғы палата депутаты Митт Румнейге шүйліккен көрінеді. Мұның себебі мынада. Юталық сенатор республикашылар қатарында болғанына қарамастан, импичмент мәселесі көтерілгелі бері Д.Трампты жиі айыптады. Дауыс беру кезінде де М.Румней Ақ үй басшысына сенімсіздік білдірген. Бизнестің жілігін шағып, майын ішкен Д.Трамп мұны арқадан пышақ ұру деп түсінетіні белгілі. Сондықтан жоғарыда айтылған мәлімет шындыққа саяды.
Оның үстіне, демократтар ақталған Дональд Трамптың бұрынғыдан да батылырақ қимылдайтынын айтып, алаңдап отыр. Президенттің өткен төрт жылда жолын кесуге талпынғандардан есе қайтаруды да көздейтіні түсінікті. Ақ үй басшысы күні кеше халыққа жасаған жолдауында да мұның шет жағасын айтып қалды. Мұның да өз себебі бар. Ақ үй кеңесшісі подполковник Александр Виндман Сенаттағы тыңдалым кезінде куәгер ретінде сөйлеген. Д.Трамп мұны кешіре алмайтыны айтпаса да түсінікті. BBC арнасы таратқан мәліметке сүйенсек, подполковник Ұлттық қауіпсіздік кеңесіндегі қызметінен босатылмақ.
Жалпы, Д.Трамптың ақталып шығуы бірнеше мәселенің басын ашып берді. Біріншіден, партияластарының басым бөлігі оны қолдайды. Сенаттағы дауыс беруге дейін кей сарапшыларда күмән болған. Алайда енді Ақ үйдің қазіргі басшысының танымалдылығына талас жоқ екені айдан анық. Мәселен, өткен аптада жүргізілген сауалдама республикашылардың 94 пайызы Трамп әкімшілігін қолдайтынын көрсетті. Яғни жылдан-жылға оның партия ішіндегі жақтастары артып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 89 пайызды құраған-ды. Ал төрт жыл бұрын партия ішіндегі жақтастары мүлдем аз еді.
Екіншіден, ендігі жерде Д.Трамп еркін қимылдайды. Биыл АҚШ-та президент сайлауы өтпек. Импичмент мәселесін оңтайлы шешіп алғаннан кейін Ақ үйдің қазіргі басшысы алдағы саяси науқанға қызу дайындықпен кіріседі. Мәселен, Д.Трамптың сайлауға дайындығын жүргізу үшін 46 миллион доллар жиналыпты. Бұл қомақты сома сайлауалды науқанды жүргізуге молынан жетуі тиіс.
АҚШ президентіне жарияланған импичментті Сенаттың қабылдамауын сарапшылар сан-саққа жүгіртіп жатыр. Джордж Вашингтон университетінің профессоры Джонатан Терлей адамдар қалағанын ғана тыңдады деп есептейді.
«Сенаттағы көпшілік республикашылар Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джон Болтонды тыңдағысы келген жоқ. Ол президенттің Украина жөніндегі әңгімесі мен Байденге қатысты астыртын мәлімет жинауына қатысты куәлік беретін еді. Ақыр соңында куәгердің не айтатынының маңызы қалмады. Өйткені сенаторлар президентке қарсы пікір айтылғанына маңыз берген жоқ», дейді Д.Терлей.
Айтпақшы, ақталғаннан кейін Д.Трамптың халыққа жолдау жасағанын жоғарыда айттық. Осы шарада мынандай қызық оқиға болды. Ақ үй басшысы жиын өткен залға кіріп, мінбердегі орнына шыққаннан кейін Өкілдер палатасы мен Сенат спикеріне жолдауының мәтінін берді. Бірақ төменгі палата спикері Нэнси Пелосидің ұсынған қолын алған жоқ. Өз кезегінде Н.Пэлоси ханым жолдау аяқталған соң, Д.Трамп ұсынған мәтінді көпшіліктің алдында жыртып тастады.
Айта кетерлігі, АҚШ Сенаты өз тарихында үшінші рет қана импичмент мәселесін қарастырды. Өкілдер палатасы 1868 жылы Эндрю Джонсонға, 1998 жылы Билл Клинтонға қатысты іс қозғаған-ды. Сенат екі президентті де ақтап шықты.
Мұхиттың арғы бетіндегі саяси аренада оқиға енді қалай өрбуі мүмкін? Жоғарыда айтып өткеніміздей, Д.Трамп алдағы сайлауға дайындыққа белсене кіріседі. Ол өзінің алдағы науқанда жеңіске жететініне сенімді. Таяуда Нью-Джерси штатында өткен халықпен кездесуінде Ақ үй басшысы демократтардың бұған әлі келмейтінін айтып, «олар сайлауда мені жеңе алмайтынын білгендіктен, қолынан келгеннің бәрін істеуге тырысып жатыр», деп бір әңгіменің шетін қайырды.
Бұған негіз бар. USA Today газетінің хабарлауынша, демократтар алдағы сайлауда жеңілетінін іші сезеді. Сондықтан елдегі басты оқиғаға дейін мәселені біржақты етуді көздейді.