Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен Алматы облысындағы Шамалған ауылында Қазақстан халқы Ассамблеясы жобасы – «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясының ашылу салтанатына қатысты. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Шараға Парламенті Сенатының депутаттары, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко, ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Тұңғыш Президент – Елбасының жақтастары, қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, университет ректорлары, жастар, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және басқалары қатысты.
Сенатор өз баяндамасында «Қазақстан халқы Асссамблеясы бастамасымен құрылған «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы» жобасы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен құрылуында Елбасының сіңірген еңбегін қоғамдық санада нығайтуға бағытталғанын атап өтті. «Президентіміздің елдің өркендеуіне қосқан үлесін кейінгі ұрпақ санасында нықтай түсетін үлкен сапар басталды. Бұл іс, ең алдымен халқымыз үшін, ұрпақтарымыз бен тәуелсіздігіміз үшін қажет»,- деді Л. Сүлеймен.
Шара аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын, «Анаға құрмет» мұражайы мен Қарасай ауданындағы «Батыр бабалар» мемориалдық кешендерін аралаумен қатар, ауданның озат оқушылары әдеби-көркем шығармалардан Елбасы туралы үзінділерді оқыды.