Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған қақтығысқа байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында «Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады. Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбітшілік пен келісім біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ», деп жазған болатын.
Бірқатар шенеунік жазаланды
Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке (А.Мырзахметов кеше кешкілік өз өтінішіне орай Президент Жарлығымен қызметінен босады) Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеліп соқтырған оқиғаға байланысты Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбековті қызметінен босатуды тапсырды.
Қайтыс болғандардың отбасыларына барды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Үкімет комиссиясының төрағасы Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы қақтығыс кезінде қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барды. Бердібек Мәшбекұлы өз сөзінде отбасы мүшелеріне қауіпсіздіктің қамтамасыз етілгенін, мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін баса айтты. Ал қаза тапқандардың туған-туыстары мен жергілікті тұрғындар кінәлілердің жазаға тартылуын сұрады.
Үкіметтік комиссия Қордай ауданында болған оқиға салдарынан қаза тапқан Дархан Әбдірахымның отбасына да барды. Премьер-Министрдің орынбасары, Комиссия төрағасы Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ел басшылығының атынан марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қолдау білдірді. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан біз шын қайғырып көңіл айтамыз. Берік болыңыздар. Отбасы үшін осы қиын күндерде берік болу керек. Біз кінәлілерді анықтаймыз, олар заң бойынша жазаланады», деді Бердібек Сапарбаев. Сонымен қатар Бердібек Мәшбекұлы қаза тапқан азаматтың отбасына мемлекеттік қолдау көрсетілетінін, барлық қажетті көмектің берілетінін жеткізді. Бұл ретте облыс әкімі Асқар Мырзахметов те марқұмның туыстарына қайғыларына ортақ екендігін жеткізіп, көңіл айтты. Сондай-ақ отбасы үшін қиын күндерде берік болу керектігін, кінәлілер анықталып, заң бойынша жазаланатындығын мәлімдеді. Асқар Исабекұлы қаза тапқан азаматтың отбасына мемлекеттік қолдау көрсетілетінін, барлық қажетті көмектің берілетінін де атап өтті. Бердібек Сапарбаев пен Асқар Мырзахметов қайтыс болғандардың жерлеу рәсіміне де қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Сортөбе ауылында брифинг өтті
Кеше Қордай ауданы, Сортөбе ауылында апта соңында орын алған қақтығысқа байланысты брифинг өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Үкіметтік комиссияның төрағасы Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қақтығыс зардаптарын жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейінгі белгілі болған барлық мәліметті баяндап, олардың сауалдарына жауап берді.
Бердібек Сапарбаев қазіргі таңда Қордай ауданының Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Қарасу және Ауқатты ауылдарының барлық кіріс-шығысына блок-посттар қойылып, ауыл көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар Бердібек Мәшбекұлы соңғы тәулік ішінде Қордай, Қарасу, Ауқатты және Сортөбе шекара бақылап-өткізу бекеттерінен 4454 адамның еліміздің аумағына қайта оралғандығын мәлімдеді.
Ал Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қақтығыс салдарынан 36 тұрғын үй мен 11 коммерциялық нысан және 44 автокөліктің өртенгендігін айтты. Өз сөзінде әкім алдын ала есептеулер бойынша келтірілген залал көлемі анықталып жатқандығына да назар аударды. Асқар Мырзахметовтің айтуынша, аталған барлық ауылда зардап шеккен азаматтармен жұмыс жасау мақсатында арнайы топтар құрылған. Сонымен қатар облыста мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы ұйымдастырылған. Аталған қызметтер арқылы өткен тәуліктің ішінде 22 азаматқа жеке куәлік, 17 азаматқа туу туралы куәлік берілген. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда көше бойындағы өртенген автокөліктер мен түрлі қоқыстарды тазалау жұмыстары толығымен аяқталып, оған 30 техника мен 125 адам жұмылдырылған. Қақтығыс орын алған күні Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірге 80 адам күші мен 19 техника ұйымдастырылған. Ал өңірдегі жағдайды тұрақтандыру және бақылауға алу үшін құқық қорғау органдарының 1968 қызметкері, 130-ға жуық әскери техника тартылған. Бүгінгі таңда ауылдардағы барлық әлеуметтік нысан, сауда орны мен дәріхана қалыпты жұмыс атқаруда. Жалпы алғанда, бүгінде Жамбыл облысында жағдай тұрақты.
Айта кетейік, өткен аптаның жұма күні Қордай ауданында жаппай төбелес орын алған болатын. Аудандағы Қаракемер, Масанчи. Бұлар батыр ауылдарында болған қақтығыс салдарынан 176 адам ауруханаға жүгініп, 41 адам ауруханаға жатқызылған. Өкінішке қарай, 10 адам қайтыс болған. Зардап шеккен азаматтарға барлығы 39 дәрігер көмек көрсетіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айту, оларға көмек беру мәселелері ұйымдастырылды.
Ақсақалдар кеңесін құруды ұсынды
Қордай ауданында орын алған қақтығыстың көпке сабақ болғаны белгілі. Жұмысына салғырт қараған шенеуніктер жазаланып, қызметінен кетті. Ал оқиға салдарынан қайтыс болған азаматтардың отбасыларына мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілуде. Бүгінде жағдай тұрақты бақылауда. Енді мұндай қантөгісті болдырмау үшін, тәртіпсіздікке жол бермеу үшін не істеу керек? Бұл ретте Асқар Мырзахметов Қордай ауданындағы орын алған оқиғаға байланысты бес ауылдың ақсақалдары мен жергілікті зиялы қауым өкілдерінің басын біріктіретін кеңес құруды ұсынды. Жергілікті тұрғындар бұл ұсынысты қолдап, аталған кеңес көптеген түйінді мәселенің шешілуіне, алдағы уақыттарда да мұндай жағдайдың қайталанбауына септігін тигізетінін айтып, сенім білдіруде.
Жалпы оқиға болғалы бері 2000-нан астам тұрғынмен кездесу ұйымдастырылған. Азаматтардың дені бұл ұсынысты қолдап отыр.
Бет қатталып жатқанда: Кеше кешкісін Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Жамбыл облысының әкімі лауазымына Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Асқар Мырзахметов өз өтінішіне орай Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметінен босатылды.
Жамбыл облысы