Қазақстандағы дүнгендер бірлестігі мүшелерімен кездесіп келдім. Бірлестік атынан айтарым, Үкіметтің мұндай жағдайда тез арада шара қолданғаны қуантты. Арнайы комиссия құрылып, оқиға орнына келді, азаматтармен кездесті. Қордай тұрғындарын сабырға шақырып, жағдайдың түзелетінін айтты.
Шынымен, Бердібек Сапарбаев бастаған билік өкілдерін көргенде халық сенім білдіріп, сабасына түсті. Бүгінде көшелер қоқыстан тазаланып, мектептер өз жұмысына қайта кірісті. Әлбетте, жағдай тез арада түзеле қоймас. Оған қаражат бөлінуі керек, шығындар есептеліп, тиісті жоспар дайындалуы шарт. Халық Бердібек Сапарбаевтың ұйымдастырушылық қабілетіне сүйсініп, риза болды. Елден кетпек болған азаматтарымыз қайтарылып жатыр. Кешенің өзінде төрт мыңнан астам адам елге оралды.
Ал оқиғаның өзіне қайтып келер болсақ, бұл жағдай ұлтына қарамастан әрбір үйдің үрейін ұшырды, халықты түгелдей әбігерге салды. Президенттің лауазымды тұлғаларды жұмыстан босатуы басқаларына ой салды деген сенімдемін. Өйткені бұл жергілікті биліктің жауапкершілігіне кіреді. Жанжал басталғанда дер кезінде тиісті жұмыстарын атқарса, мұндай үлкен залал келіп, бірнеше адам қайтыс болмас еді. Бұл шын мәнінде, жергілікті атқарушы биліктің құзырындағы мәселе болатын. Алайда көріп отырғанымыздай, олардың жауапкершілігінің аздығы осындай жағдайларға алып келді. Бұл – барлық қазақстандық үшін қасірет. Адам шығыны бар, қанша адам ауруханада жатыр. Үйлер өртеліп, отбасылар далада қалды. Жағдай тез арада түзеліп, халқымыздың ауызбіршілігі нығая түседі деген сенімдемін.
Шакир ХАХАЗОВ,
Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының мүшесі, «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы