2020 жылдың қаңтарында мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 69 кәсіпорында 2,3 мың жұмыскер алдында жалақы бойынша 342 млн теңгеден аса қарыз бар екенін анықтады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған кәсіпорындардың жетекшілеріне орындалуға міндетті 33 нұсқама беріліп, 4 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Қолданылған шаралардың нәтижесінде, сонымен қатар жалақы бойынша қарызды өтеудің мерзімі мен кестесін қатаң белгілеу арқылы 1,1 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалып, нәтижесінде оларға 331 млн теңге төленді.
Жалпы, жоғарыда көрсетілген кезеңде мемлекеттік еңбек инспекторлары 442 тексеру жүргізді. 866 Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасын бұзу фактілерін анықталып, 28,3 млн теңге сомаға айыппұл салынды.