Осынша көлемдегі жер асты қазба байлығын бар-жоғы 4 адамнан тұратын шағын қылмыстық топ жасады дегенге сену қиын. Бірақ тап осындай оқиғаның орын алғаны рас болып шықты. Мұны Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбаев мәлімдеді.
«Мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы да қылмыстық топтардың баю көздерінің бірі болып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысында мұнайды құбыр арқылы ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың 10 мүшесі қазір қамауда сот үкімін күтіп отыр. Олардың ішінде құбырларды күзетуге міндетті «SEMSER Securiti» күзет агенттігі» ЖШС директоры Н.Молтаев та бар», – деді ресми өкіл.
Қылмыстық іс материалдары бойынша аталмыш топ мүшелері 2012 жылдың шілде-желтоқсан айлары аралығында 17 млн. теңгеден астам сомаға 4000 тонна көлемінде шикі мұнайды ұрлауды жүзеге асырған. Олар мұнайды «Құмкөл-Павлодар-Шымкент» құбырынан алып, тасымалдап әкетіп отырған. Әлбетте, топ мүшелері «қара алтынды» одан ары сату мақсатында ұрлаған. Және сол жоспарларын ұдайы орындап отырған.
Қаржы полициясы агенттігі мен Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары департаменттерінің қызметкерлері осы күндері жүргізілген кең ауқымды операция нәтижесінде 2012-2013 жылдары мұнайдың заңсыз айналымы саласында қызмет еткен басқа да қылмыстық топты әшкерелеген.
«Қазақстанның 6 және Молдованың 2 азаматынан тұратын топ Ақтөбе облысындағы кен орындарынан жалпы көлемі 739 тонна мұнай ұрлаған», – деп атап өтті осы орайда М.Жұманбаев. Оның айтуынша, ұрланған мұнайдың 365 тоннасы пештің жанар-жағармайы түрінде алыс шетелдерге экспортқа шығарылған. Қалған бөлігі, яғни 373 тоннасы жөнелтілу кезінде тоқтатылды. Осымен бірге, операция барысында қылмыстық топтың барлық мүшелері қолға түсті. Олар сот санкциясымен түгелдей қамауға алынды.
«Қылмыстық топтың басшысы Камалутдинов және оның сыбайласы «Bimol Oil» ЖШС директоры Изимов қамауға дейін қаржы полициясы қызметкерлеріне пара беру арқылы осы қылмыстық топтың қызметін тексеруді тоқтатуға әрекет жасаған. Бұл фактілер бекітіліп, олар бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тексерісті тоқтату және осы топқа әрі қарай қамқорлық жасау үшін 755 мың теңге сомасында Атырау облысының қаржы полициясы қызметкерлеріне, оған қоса 630 мың теңге сомасында Ақтөбе облысының қаржы полициясы қызметкерлеріне пара беру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды», – деп баяндап өтті ресми өкіл.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.