Бұл күндері Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жүлде қоры 848 000 АҚШ долларын құрайтын «WTA Premier» деп аталатын теннисшілердің турнир өтуде.
Айтулы жарыста Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина табысты өнер көрсетуде. Тұсаукесер кездесуде чехиялық Катерина Синяковаға (59 ракетка) сан соқтырған жерлесіміз келесі кезеңде франциялық Фиона Ферродан (58 ракетка) айласын асырды. Бір ғажабы, Францияның өкіліне қарсы бәсекенің алғашқы сетінде Елена 1:3 және екінші сетте 0:3 есептерімен жеңіліп жатты. Десек те шешуші тұста ширақ қимылдаған ол жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Жоғарыдағы қос кездесуде де 6:3, 6:4 есептері тіркелді.
Турнирдің ширек финалына шыққан Рыбакина осы межеде тағы бір француз ойыншысы Осеан Доденмен (159 ракетка) шеберлік байқасады.
Нева жағалауындағы жарыста Юлия Путинцева (34 ракетка) да бақ сынады. Алайда ол алғашқы айналымда ресейлік Вероника Кудерметоваға (38 ракетка) есе жіберді.