Биыл елімізде Ұлттық халық санағы жүргізіледі. Техникалық жағдайларға байланысты бір жыл кешігіп атқарылғалы отырған ауқымды іс-шара 2009 жылғы кемшіліктерді қайталамайды. Сондай-ақ санақты қағазсыз жүргізу қарастырылған. Бұл туралы кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов айтты.
Комитет төрағасының айтуынша, халық санағы шартты екі кезеңнен тұрады. 1-30 маусым аралығында өтетін дайындық кезеңінде интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Яғни, бұл кезде санақтық аудандастыруға дайындық жүргізіледі. Ал санақтық аудандастыру дегеніміз – өңірдегі әрбір елді мекеннің аумағын санақтан өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учаскелерге бөлу.
Санақтың негізгі кезеңі қазан айының 1-і мен 30-ы аралығына жоспарланған. Алғашқы 15 күнде интернет-сауалдама жүргізіледі. «2009 жылы Ұлттық халық санағы кезінде болған қателіктерді ескердік. Биылғы санақ барлық талаптарға сай өтеді. Бірінші ерекшелік, қағазбен жұмыс істеу болмайды. Сауалдама жауаптары планшетке енгізіледі. Екінші ерекшелік, интервьюерлерді үйіне кіргізуді қаламайтын адам sanaq.gov.kz арнайы сайтына кіріп, санақ парақтарын өз бетімен толтыра алады. Бұл өте ыңғайлы. Біз интервьюерлердің қауіпсіздігі үшін облыстық әкімдіктермен жұмыс істеп жатырмыз. Кейбір аудандарды интервьюерлер учаскелік полициялармен бірге аралайды», деді Нұрболат Айдапкелов.
Халыққа сауалдама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін адамның ЖСН-і пайдаланылады. Сауалдама аяқталғанда халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі.
Нұрболат Айдапкелов тікелей халық санағын өткізу кезеңінде уақытша санақ персоналы ретінде (нұсқаушы-бақылаушылар, интервьюерлер) 32,5 мың адам жұмысқа тартылатынын жеткізді. «Санақ жүргізетін азаматтарға қойылатын талаптар: бастамашыл, жауапты, тез тіл табысқыш 18 жастан асқан Қазақстан азаматы болуы керек. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, тек планшетпен жұмыс істей білуі керек. 30 күнге қызмет көрсетілген кезде дайындық кезеңінің интервьюеріне 75 743 теңге, негізгі кезең интервьюерлеріне 94 678 теңге төлеу жоспарланған. Ал 45 күн қызмет еткен дайындық және негізгі кезеңдердің нұсқаушы-бақылаушысына 113 614 теңге ақы төленбек», деді ол.
Комитет төрағасының айтуынша, 2018 жылдан бастап 2022 жыл аралығында Қазақстанда Ұлттық халық санағына дайындық және өткізу үшін бюджеттен 8 млрд 211 млн теңге қаржы қарастырылған. «Бюджеттің негізгі бөлігі – 3 млрд 7 млн теңге интервьюерлердің еңбегіне төленеді. Онлайн ресурс пен ақпараттық жүйеге де қаржы кетті. Одан кейін әрбір облыс орталықтарында санақ жүргізу бөлімдерін аштық. Аудан, ауылдарда санақ жүргізу үшін көлік жалдайтын боламыз. Шамамен 1 млрд теңгеге планшеттер, сумкалар, шарфтар сатып алдық. Бұл туралы мәліметтер сайтта ашық көрсетілген», деген Н.Айдапкелов тұрғын үйлерге барған кезде интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке, шарфтың болуы міндетті екенін ескертті.