• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Таным 17 Ақпан, 2020

Аққорған оқиғасы

1918 рет
көрсетілді

Инфекциясы табиғаттағы жабайы кеміргіштерде сақталатын өте қауіпті жұқпалы ауру арагідік Маңғыстауда да бой көрсетіп, дүйім елді дүр сілкін­дір­ген кездер болған екен. Бірі – Екі­нші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары бір үйдің тұлымшағы желбіреген жал­ғыз қыз баласы ауырып, оны тікұшақпен бел­гісіз жаққа алып кеткені айтылады. Ел аузында айтылатын екінші оқиға – 1964 жылы Бекінің маңында пішеншілер арасында түйенің етін жеп, оба ауруына шал­дыққан бір жігіттен тараған инфекция тағы да 3-4 адамның өмірін алып кет­кен қайғылы жағдай болса, үшіншісі – 1973 жылы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы кеңшардың орталығы Шайыр ауылынан 10-15 шақырым жердегі Аққорған ауылында орын алған еді.

 

Оба ошағын оқшаулаған Ақажан

...Форт-Шевченкодан дәрігерлік учи­лищені бітіріп, Тұшыбек ауылындағы емханада қызмет етіп, Шайыр ауылына келін болып түскен жас маман Ақажан Кү­зем­баева – өз ісінің білгірі ретінде ауыл-аймаққа бірден танылып, аз уақыт ішінде өзінің білім-білігін көпшілікке мойындатып, науқастарға шипалы қолы мен жанашыр пейілін қатар сыйлаған дәрігерге айналды. Қандай ауру түрі болсын, Ақажанның алдына келуі немесе оны алыс ауылдарға арнайы алдыру – қалыпты жағдай. Бұлданып-бәлсіну табиғатында жоқ, қызметіне адал Ақажан асай-мүсейін салып алып науқасқа аттанады.

Бір күні Аққорған жерінде отырған ауылдың қыз баласы ауырып, дәрігер ша­қы­ртады. Қали Бөбетаев атты жүргі­зушімен ауылға барған Ақажан баланы қарап, оба дертінің белгілерін анықтайды да, дереу оқшаулауға шешім қабылдайды. Сол бойда үйдің адамдарынан баланы­ оқшаулап, үйге ешкімді жолатпай, өзі қатаң төсектік режім сақтап, науқас бала­­ның жағдайын қадағалап отырады. Сол кездері Шайыр ауылында бас инженер қызметінде болған О.Епеновтің айтуынша, марқұм жүргізуші Қали «Мен далада құрылысшылармен әңгімелесіп тұрғанмын. Бір мезетте Ақажан үй­ден тездете шықты да, маған қолын сіл­теп, алысырақта тұрып: «Сіз мұнда жақын­дамаңыз. Мына баланың ауруы маған ұнамай тұр – обаның белгісі бар секілді. Ауылға хабарлаңызшы. Ауру баланың денесін ұстадым, маған жұғу қаупі басымдау, енді осы жерде қалып, нәтижесін күтіп, бақылаймын» деп даусын көтере айқай­лады. Ауылға келіп, хабарын жет­кізіп, одан әрі қапылыс басталып кетті ғой» деп еске алады екен. Ал Оңаштың өзі­не Аққорған обасы бойынша аудан, облыс, орталықтан келген қонақтарды күту, орна­ластыру жауапкершілігі жүктелген екен.

Емізулі ұлы мен тәй-тәй басқан қы­зын тастап, тәуекелге бел буып науқас бала­ның жанында карантинде қалған Ақа­жанның сол күнгі әрекеті – көзсіз ер­лік. Алдымен баланы орталыққа алып кет­пей, алыс ауылдан-ақ диагнозды дәл қойып, дүйім елді обаның таралуынан аман сақтап қалса, екіншіден қаршадай дәрігер шұғыл шешім қабылдап өз бе­тінше оқшаулау ісін қолға алды, тиісті орын­дарға хабар беріп, обаның елге тарал­мауы үшін қажетті жұмыстарды ұйымдастыруға сеп болды. Науқас бала о дүниелік болғанмен, қауіпті дерттің салдарынан сырт адамдармен байланыс үзіліп, отбасы мүшелері оқиғаның соңын үлкен уайыммен сарыла тос­ты. Ауру таралса оның ошағы болған Ақ­қорған, ондағы отбасы мен мейірбике Ақа­жанның тағдыры қалай болар еді?

– Ақажан сол отбасымен бірге басы қа­терде, болашағы белгісіз, ортадан оқшауланып, 10-15 күндей карантинде қала берді. Кез келген уақытта өрттей өр­шіп, жайпап кету қаупі зор оба ауруы сол жерде отырған адамдардың бар­­лығына да қаупін төндіріп тұрды. Орта­лықтан арнайы мамандар алдырылып, сақтандыру шараларына ауыл адамдары жұмыл­дырылды. Маған Қарабас деген жерде жол қарауылында тұру тапсырмасы жүктелді. 7 күн сайын ауыстырып отырады. Міндетіміз – Шайырдан жолаушы шығармау. Кірген-шыққан адамдарды тізімдеп, есебін алып тұру қатаң қадағаланды. Өрлеш деген милиция қызметкері күні-түні ұйықтамастан жиі-жиі тексеру жүргізіп, кезекшілікте тұрғандарды тынбастан аралап жүріп, кез келген уақытта келіп қалады. Жол еш­қандай қараусыз қалмауы тиіс. Жұмыс өте қызу жүргізілді. Училищелік қана білімі бар, өзі өрімдей жап-жас маманның оба диагнозын дөп басып айыруы үлкен сауаттылық пен жауапкершілікті, бі­ліктілікті көрсетеді екен-ау. Жасы жиырмадан енді ғана асқан 22-23 жастар шамасындағы мейірбикенің осы бір саналы қадамы мен сауатты бағамы ауыл адамдары арасында аңызға бергісіз сүйсінген әңгімелермен көпке дейін айтылып жүрді. Егер Ақажан өлімнің аз-ақ алдында, кірпігін әзер қимылдатып жатқан баланың денесіндегі өзгерістерге салғырт қарап, аудан орталығындағы ауруханаға немесе ауыл амбулаториясына әкеліп, ем-шара қолдану амалын көпшілік адамдар ортасында алаңсыз жалғастыруға жол берсе, тұтас ауыл немесе аудан тұрғындары қырылып қалуы да мүмкін еді, – деп еске алады ауыл ақсақалы Қ.Өтепбергенов.

Аяқастынан ағзада өзгеріс болып, ауру белгісі байқалып қалса деген күдік­пен оқшауланғандарға 2-3 күн сайын үстерінен тікұшақпен азық-түлік, әртүрлі медикаменттер тасталады. Ал олар соны қызықтап, әр төбенің басынан бір-біріне қол бұлғаса айқайлап, лақтырылған заттарды жүгіре жинап, айдаладағы жалғыз үйдің жанында ауыл жақтан қара көрінер ме екен деп телміре күтіп отырады екен.

Жүргізілген жұмыстар оңынан оралып, қауіпті оқиғаның соңы жақсылыққа ұла­сады.

Сол жылы обаны ауыздықтауға атса­лыс­қан бірқатар азаматтар КСРО Қызыл Крест Жарты ай қоғамының, өзге де жо­­ғары марапаттарға қол жеткізеді, ал нағыз ерліктің иесі болып, өз өмірін қа­терге тіккен, ауыл-аймақты ажалдан ара­шалаған жас мейірбике Ақажан Кү­зем­баева тасада қалып, оның ерен ер­лігі бір грамотамен ғана бағаланады.

– Анам 1949 жылы Форт-Шевченко қаласы, Баутин кентінде теңізші отбасында дүниеге келіп, медициналық училищені бітірген соң, Тұшыбек шипажайында, кейіннен Шайыр ауылдық фельдшер-акушерлік пунктінде мейірбике қызметін атқарып, зейнетке шықты. Шешуші сәтте ажал апанында қалып, басын қа­терге тігіп, тағдырын тәуекелге қойған анам­ның еңбегі елеусіз қалып бара жатқаны көңілімізге қаяу салатынын жасырмаймын. Уақыт өте келе, құжаттар көмегімен тарихымызды бағамдайтын, ел ішіндегі елеулі оқиғаларды саралайтын сәттерде анамның еңбегі көмескіленіп қалмасына кім кепіл?! Жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, кісіге болсын деп тұратын анам ешкімнен марапат дәметкен жоқ, сол сабырлы қалпында 2004 жылы 55 жасында өмірден өтті. Оның қадірін ауыл-аймақ, ағайын-туыс, абысын-ажындары жақсы біледі, әсіресе ерлікке бергісіз ерен ісін ел-жұрты аңыздай етіп айтады, одан асқан марапат-мадақ бар ма?  – дейді қызы Әлия Түгелбайқызы.

Ақ халаттыларға мәңгі үлгі

Алыс ауылда өзі гинеколог, өзі кар­дио­лог әрі терапевт, хирург те бола ала­тын дәрігерлер болды. Сам өңірінде бол­ған Қаму, Бақыт, Есіркеп, Көптілеу, Балта, Шаршаған, Бозашы беттегі Сайын сынды саңлақ дәрігерлер сапында «мың баланың кіндік шешесі» атанған Мейіз ана мен оба ауруынан тұтас елді аман алып қалған Ақажан ананың есімдері ел арасында мәңгі құрметпен атала бермек. Олар марапат алған жоқ, биік мінбелерден мақтау естіген жоқ, салтанатты жиындарда жарқ-жұрқ еткен сөлкебайларға омырауларын тосып мерейленген жоқ, бірақ қызметін Алла ыр­залығы үшін деп атқарып, адамдардың ал­ғысын арқалады, бұл – маңызды әрі мәңгілік құрмет.

– Жалпы, Ақажанның мейірбике болса да көп тұстарда ауру диагнозын анықтауға шеберлігін, жұмысына адалдығын, система қою, тамыр табу, ине шаншу процедураларын мүлтіксіз жинақы атқаратынын, айналасына мінезі өте жағымдылығын, ұжымдастарымен сыйлы әріптес бола білгенін, адамгершілігі мол, «ақ халатты абзал жан» атауына лайықты идеал тұлға болғанын ұзақ жылдар Шайыр ауылындағы медициналық пункттің аға дәрігері қызметін атқарған марқұм Жұмажан Есбергенов аузынан тастамай жиі айтушы еді. Ауыр жағдайларда міндетті түрде ілестіре кететінін немесе өз мүмкіндігі болмай жатса Ақажанды жұмсап, алаңсыз жүретінін, қаншама сәби теріс келіп (қазіргі таңда арнайы мамандармен ота арқылы ғана көмек беріледі), босанып жатқан ананың жаны қиналған тұстарында батыл шешім қабылдап, ауыр толғақтарды аман-есен, сауаттылықпен өткізетінін, қандай қиын жағдайда да сасқалақтамай, байыппен тыңдап, парасатпен ой қорытып барып іске кірісетінін және өте сабырлы Ақажанның арқасында өзінің де дәрігерлік жолының шыңдалып, тәжірибе жинауға үлкен септігі тигенін айрықша риза сезіммен әңгімелеп отыратын. Жүзі жылы, бидай өңіне ерекше көрік беріп тұратын мөлдіреген, аялы, әдемі жанарына мейірім тұнған, жұмсақ жүректі, жайлы мінезді Ақажан іске келгенде шапшаң қимылдайтын. Шапағатын көріп, шарапаты тиген ауыл тұрғындарының қай-қайсысы да осы аяу­лы жанның асыл, бекзат қасиеттерін сүйсіне айтып бере алады.

Шайыр ауылында өмірге келген нәрес­телердің біразының кіндік анасы атан­ған, талай жанды өлімнен арашалап, өмірге қайта келгендей қуаныш сыйлаған Ақажан ананың Аққорғандағы бір ғана ісі, ерлігі – бүгінгі дәрігерлер үшін өшпес үлгі, өнегелі сабақ. Жоғарыда есімдері аталған «дала академиктері» деуге болатын ауыл дәрігерлері бүгінгі ғылымы мен әлеуеті дамыған кезеңдегі медицинада орын алып жатқан олқылықтарды көрсе, не дер екен деп ұяла ойға қаламын. Ел арасында, медицина саласында орындары ойсырап тұрған тұлғалардың есімін ұмытпай, лайықты құрметтеп жүру – парыз.

 

Маңғыстау облысы