Өзбекстанның астанасы – Ташкентте ауыр атлетикадан өтіп жатқан жастар мен жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы кезекті жүлдесіне қол жеткізді.
Бұл жолы 67 килода сынға түскен Сайхан Тайсуев бас жүлдені олжалады. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 299 (130+169) килоны еңсерген ол қарсылас шақ келтірмеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін де отандастарымыз бірнеше мәрте жеңіс тұғырына көтерілген еді. Атап айтсақ, 55 кило салмақта өнер көрсететін Абылай Әуелханов қоссайыстың қорытындысы бойынша 227 (97+130) килолық зілтемірді еңсеріп, жасөспірімдер арасында екінші және жастар арасында үшінші орынды иеленді.
64 кило салмақта бақ сынаған Гүлнұр Ыбырай жасөспірімдер сайысында алтыннан алқа тағынса, жастар арасында күміс медальді мойнына тақты. Қазақ қызының көрсеткіші – 198 (88+110) кило.
61 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ақмолда Сайрамкез 267 (117+150) килолық нәтижемен жастар арасындағы жарысты қола медальмен қорытындылады.