Бүгін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жаңартылған WTA рейтингінде 2141 ұпай жинап, 25-тен 19-орынға көтерілді. Осылайша, Елена үздік 20-лыққа кірген тұңғыш қазақ теннисшісі атанды. Бұған дейін ең жоғары көрсеткішті 2012 жылы 29 қазанда Ярослава Шведова (25-орын) тіркеген еді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
20 жастағы қазақ теннисшісі Петербургте өтіп жатқан WTA турнирінің финалында ұтылып қалды. Жалпы Елена биылғы маусымда WTA аясында 3 бәсекеге қатысып, барлығында финалға жеткен. Рейтингте Юлия Путинцева 32-сатыға жоғарыласа, Зарина Дияс 63-орында.
Әйелдер арасында көш басында аустралиялық Эшли Барти, екінші румыниялық Симона Халеп, үшінші чехиялық Каролина Плишкова тұр.
Ал ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик бір саты жоғарылап 55-орынға көтерілсе, Михаил Кукушкин екі саты төмендеп, 69-шы, Дмитрий Попко 168-орынға жайғасты.
Сербиялық Новак Джокович бірінші, испаниялық Рафаэль Надаль екінші, швейцариялық Роджер Федерер үшінші орында келе жатыр.