Ақпан айының алғашқы онкүндігінде Каспий теңізінің жағалауына қоқиқаздар ұшып келеді. Биыл да мыңдаған қоқиқаз жылы аймақтардан Каспийге оралды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасында жазды.
- Қоқиқаздар мыңдаған шақырымдардағы алыс аймақтарда қыстайды. Олар Қазақстанның бірнеше өңірінде ғана, атап айтқанда Каспий теңізінің солтүстік-шығысында, Шалқартеңіз көлінің маңында, Теңіз көлінде ұялайды. Ел аумағында шамамен 50-100 мыңға тарта қоқиқаз жазды өткізеді. Олар көбінесе Теңіз көлінің маңында шоғырланған. Ал қалған бөлігі Каспий теңізі мен Шалқартеңізді мекендейді. Каспий теңізіне жүргізілген талдау жұмыстары Ленкоран жағалауында - 10 мың, Түрікмен жағалауында - тағы 10 мың қоқиқаздың қыстайтынын көрсеткен, - деп жазды Сәкен Ділдахмет.