• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
12 Тамыз, 2013

Сайлау қарсаңында Норвегия премьері таксист болды

376 рет
көрсетілді

Норвегияның премьер-министрі Йенс Столтенберг елдегі парламент сайлауы қарсаңында Осло маңындағы жұртпен етене араласып, еркін сөйлесу үшін жасырын түрде жарты күн таксист болды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.

Осыдан кейін үкімет басшысының басқаша жағдайдағы рөлін, яғни таксист болып, көлік тізгінінде отырған шағын бейнелейтін ролик Норвегия Жұмысшылар партиясының бейнепорталына салынды. Ол бірнеше сағаттың ішінде 11 мың көрерменге ие болған.

Клипте премьердің кезекті жолаушымен жаттанды сөздер тізбегін айтып, баратын жерлерін белгілеп алғасын, тереңдеу тақырыпқа – елдегі білім берудің жайынан бастап, банктер мен корпорациялар басшыларының жоғары айлығына дейінгі аралықтағы әңгімелерге барғаны көрініс береді.

Бір қызығы, таксиге мінген бір жолаушыдан өзгелері өздерін ала бара жатқан елдің ең жоғары басшысының бірі екенін аңғармапты. Тағы бір айтатыны, Столтенберг айдаған көлікке мінгендердің бірде-бірінен жеріне жеткеннен кейін ақша алынбапты.

Қазіргі іс басындағы премьер басқаратын Жұмысшылар партиясы парламент сайлауына бір айға жетпейтіндей уақыт қалғанда, дауыс жинау бойынша өздерінің басты қарсыласы – консерваторлардан едәуір артта келеді екен. Сонымен бірге, оның күшті саяси одақтастары да жоқ. Сондықтан бұлар үшін жұрттың сайлауға мейлінше көбірек келгендері жақсы. Ал лейбористер 5 миллиондық халқы бар Норвегияда соңғы кездері әлі ешкімнің шылауында кете қоймаған жұртты кім көбірек тартып әкетсе, солар жеңіске жетеді деп есептейді. Бұл орайда 54 жастағы Столтенбергтің харизмі мен танымалылығы көп нәрсені шешіп кетуге тиіс.

Мұрат Айтқожа.