Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық, энергетикалық және өнеркәсіптік нысандардың жұмысымен танысты. 1967 жылдан бері үздіксіз жұмыс атқарып келе жатқан «Т. И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» кәсіпорнының соңғы уақытта жүктемесі 30 пайызға дейін төмендеп кеткен. Аталған кәсіпорын жұмысымен танысқан әкім ондағы шұғыл шешілуі қажет басты мәселелерді атап өтті.
Ол бойынша тиісті салалық басқармаға тұрғындар үшін тарифті төмендету мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында баға белгілеу шараларына мониторинг жүргізуді тапсырды. Ондағы түпкі мақсат – бәсекелестік ортадағы бағаны қалыптастыру, тұтынушылар санын арттыру және кәсіпорынды кезең-кезеңімен толық қуатқа шығару.
Талдау жүргізіліп, қажетті ұсыныстар әзірленгеннен кейін қалыптасқан жағдайды шешу мақсатында Бердібек Сапарбаев энергетика министрлігінің және KEGOC өкілдерінің қатысуымен жиын өткізуді жоспарлауда. Бердібек Сапарбаев бұл орайда энергетикалық кәсіпорынның акционерлері де өз үлесін қосуы тиіс екенін атап өтті. Келесі кезекте әкім «Жамбыл су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болып, сумен қамту мекемесінің және ондағы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. 98,5 мың абонентке қызмет көрсететін кәсіпорынның құрылымы қызмет көрсетуге негізделген. Тұтынушылардың басым бөлігі жеке тұлғалар. Алайда бүгінде аталған кәсіпорынның су мен кәріз жүйелерінің тозуы, дебиторлық берешек, су есептеу құралдарын орнату, Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп кәсіпорынды жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыру басты мәселеге айналып отыр. Ал, «Таразэнергоцентр» АҚ облыс орталығы тұтынушыларының 80 пайызын қамтамасыз ете отырып, жылу және электр энергиясын өндірумен және таратумен айналысатын мекеме. Ол үшін газ және мазут отындары пайдаланылады. Бұл кәсіпорынның да негізгі желілері тозған десек, келесі жылы ондағы қуат өндіруші мен қосалқы құрылғыларды қайта жаңарту шаралары жоспарлануда. Ол жұмыстардың жалпы құны 160 миллион АҚШ долларынан асады деп жоспарланған. Қазіргі таңда жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын, мемлекеттік сараптамадан өткен. Аталған жоба іске асқан жағдайда Тараз қаласының тұрғындарын жыл бойы ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады.
Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев «Қазфосфат» ЖШС-нің Минералды тыңайтқыштар зауыты мен Жаңа Жамбыл фосфор зауытын аралады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Минералды тыңайтқыштар зауыты 45,7 миллиард теңгенің өнімін, ал фосфор зауыты 98,9 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Әкім мұндағы технологияның құрылымымен, басым бөлігі экспортталатын дайын өнімнің үлгілерімен танысты. Мұнда өндіріс қалдықтарын жинауға және кейіннен кәдеге жаратуға арналған алаңдардың жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Химия өнеркәсібінің алыбы бүгінде өз жұмысын 2019-2025 жылдарға арналған даму стратегиясына сәйкес атқаруда. Осы тұрғыда 114,3 миллиард теңге мөлшерінде инвестиция тарту көзделген.
Жамбыл облысы