Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы өткен жылы заң талаптарын сақтамай салынған 69 бюджеттік және 144 жеке кәсіпкерлік, барлығы – 213 құрылыс нысандарына тексеру жүргізген. Анықталған заң бұзушылықтар негізінде шаралар көріліп, хаттамалар толтырылған және жалпы соммасы – 62 149 861,5 теңге әкімшілік айыппұл салынған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Мұхит Тұрысбеков, сондай-ақ лицензия алуға, қайта тіркеуге қатысты барлығы 665-өтініш қабылданғанын мәлім етті. Өткен жылы 752 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға хабарламалар тіркелген. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен - 445, жеке кәсіпкерлік қаражаты есебінен 307 нысан салынуда. Өңірдегі құрылыстардың сапасына бақылау жасайтын басқарма, әсіресе, облыс орталығы Түркістан қаласындағы барлық жаңа ғимараттардың құрылыс нормаларына сай болуын қадағалауда. Жалпы басқарма тарапынан 5 мемлекеттік кызмет көрсетіледі. Бұл қызметтер 2019 жылдың басынан бері 100% электронды түрде көрсетілуде. Қазіргі таңда басқарма тарапынан Түркістан қаласында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан 170 бюджеттік нысанның, яғни 85 көпқабатты тұрғын үйлердің, 56 әлеуметтік нысан және 29 инженерлік коммуникация жүйелерінің құрылысы қадағалануда.