• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Абай 19 Ақпан, 2020

Данышпан тойына бір тамшы үлес

225 рет
көрсетілді

Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек дегендей,  Ақтөбеде Абайдың туғанына 175 жыл толу құрметіне өткізілген концерт жанрлық бағдарламасы және синтездік тұтастығымен көрермендерді баурап алды. Дана Абайдың өлеңмен бірге күй де шығарғанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Айрықша концерт ақынның «Торы жорға» күйімен басталуы да  өнер кешінің тақырыптық мәні мен мазмұнын ашып бергендей әсер қалдырды.

Бұдан кейін жалғасқан «Ұлы дала жүйрігі» атты  айтыс концертте Абай мұралары ХХІ  ғасырдың игілігіне де қызмет жасай беретіндігі жөнінде әдемі ой-түйіндер жасалды. Бұл тұрғыда атыраулық ақын Шалқарбай Ізбасаров пен ақтөбелік жыр сүлейі Марат Ахметовтың толғауға татырлықтай ойлы шумақтары көрермендердің  көңілінен шыққаны анық байқалды.

Данышпан ақын: Құлақтан кіріп бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең менше сүй деп төгілдіре жырлаған емес пе еді. Ақтөбе облысының филармониясы ұйымдастырған концертте әсем ән де, тәтті  күй де, тіпті бұған қоса мың бұралған би де бір-бірімен алмасып құлақтардың құрышын қандыра түсті. Ахмет Жұбановтың кіші  отанында  домбыра құлағында шебер ойнай алатын жасөспірімдер де осы айтыс-концертте өз өнерлерін көрсетті.                                                                   Сондай-ақ, домбырамен тартылып жүрген Құрманғазының «Адай»,  «Балбырауын» және « Байжұма» күйлерін сырнай тартысқа түсіріп, тартқан кезде де көрермендердің делебесі қозып дүркін-дүркін қол шапалақтап отырды. Бірінен-бірі шеберлігі аса түскен өнер сайысында  ұлттық рухымыздың жалауы биікке  көтеріле түскендей сәт еді бұл.

Халықтың ежелгі музыка аспаптарының бірі ұрмалы аспап дауылпаз десек, оның жауынгерлік рух пен жоғары пафосқа  толы күмбірлеген үні де жүректерді  шымырлата түскендей әсер қалдырды. Дауылпазшылар Нұрсұлтан Жетпісбаев пен Мейірбек Мәденовтер ежелгі ұрмалы аспапты кезектесе ұрғанда зал іші теңіздей тербеліп кетті. Міне, осылайша  Абай атамыздың  мерейлі датасына арналған әсем әндерді дәстүрлі әншілер Гүлназира Сағынғанова мен Әділет Күзембаев және Нұрлан Әбдібеков пен Динара Шынарбаевалар әуелетіп алып кетті. Кеш соңында филармония директоры  Елубай Кенжалиев Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған Ақтөбедегі айрықша концерт осы мерейлі датаға қосылған бір тамшы үлес екенін атап көрсетті.

АҚТӨБЕ

Суретте: Айтыс-концерттен көрініс