• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Ақпан, 2020

Тәлімі зор, ғибраты мол жиын

278 рет
көрсетілді

Кеше М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Солтүстік Қазақстан – бір ғасырлық шежіре» атты облыстық газетке арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Оны ашып, жүргізіп отырған университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы А.Ыбыраева алғашқы сөзді облыс әкімінің атынан құттықтау айту үшін әкімнің орынбасары Р.Әлішевке берді. Құттықтауда өңірдің қазақ өнері, мәдениеті және әдебиетінің орталығы болған бір ғасырлық басылым облыстың тарихи шежіресі екендігі айтылды және оның мерейтойын кең көлемде атап өту жаз айларының біріне қалдырылғаны белгілі болды. Конференцияда баяндама жасаған филология ғылымдарының кандидаттары, алаштанушылар Қайрат Сақ пен Зарқын Тайшыбай «Солтүстік Қазақстан газетінің» қабырғасында қызмет еткен айтулы тұлғалар, Алаш қаһармандары туралы зерттеулері туралы толғады. Сонымен қатар Қ.Сақ өзінің сөзінде аймақтық тілшілер туралы да айтып, олардың осы күнге дейін зерттелмей жатқандығын атап өтті. З.Тайшыбай өзі тапқан газеттің тарихи беттерінде бүгінге дейін өзектілігін жоймаған талай проблемаларды ауызға алды. Конференцияда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы Сейдехан Әлібек өзінің баяндамасында «Солтүстік Қазақстан газетінің» редакторларының бірі болып, 1937-ші жылғы репрессияның құрбаны болған туыс ағасы Сейілбек Үсенұлының өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат берді. Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Қайырбек Кемеңгер «Солтүстік Қазақстан газеті» басшыларының бірі болған атасы Қошке Кемеңгерұлының Қызылжарда қызмет еткен жылдарынан зерттеу деректерін алға тартты. Мамандығы дәрігер болған бұл ағамыз нағыз сегіз қырлы, бір сырлы болғандығы да белгілі болды. Өзінің жазып, шығарған сегіз кітабында ол әдебиет, сын, медицина, қоғам өмірі, агрономия, тіпті химия оқулығын да шығарған екен.

Сондай-ақ конференция жұмысына жергілікті ғалымдар, журналистер т.б. қатысып, өңір айнасы туралы өз ойларын ортаға салды. Ресейдің Омбы қаласынан келген «Мирас» қазақ тілі мен мәдениетін дамыту және сақтау қорының директоры Асқар Раисов пен дизайнер, сәулет ескерткіштерінің сарапшысы И.Вахитов та қазақ мәдениетінің тарихы өз қалаларының архивтері мен қорларында өте мол екендігі туралы ақпарат берді. Жиынға қатысқан университет студенттері мен мұғалімдер белсенді қызығушылық көрсетіп, өздері үшін көп мағлұмат алып отырғаны көрініп тұрды. Әсіресе, оқу орнындағы журналистика бөлімінде оқитын жастардың қызығушылығы ерекше екендігі сезілді. Олардың арасынан кейбірі газеттің мерейтойына арнаған өлеңдерін де оқып берді. Шараны ұйымдастыруда үлкен белсенділік көрсеткен «Журналистика» кафедрасының меңгерушісі Айсұлу Шайкенованың да еңбегі ерекше екенін атап өту керек.

Конференция жұмысын «Солтүстік Қазақстан газетінің» басшысы Жарасбай Сүлейменов қорытындылап, іс шараның ұйымдастырушылары мен келген қонақтарға ризашылығын білдірді.    

 

ҚЫЗЫЛЖАР