Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері WikiGap Kazakhstan жобасына қатысуда. Бұл жоба түрлі сала бойынша жетістікке жеткен қазақстандық әйелдер туралы онлайн кітапхананы құруға бағытталған.
Игілікті бастама Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен оқу орны жанындағы Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институтында жүзеге асырылуда.
WikiGap Kazakhstan жобасы сегіз бағытты қамтиды. Атап айтқанда, білім, ғылым, өнер, саясат, бизнес, медиа, үкіметтік емес сектор мен спорт саласындағы танымал 100 қазақстандық әйел туралы ақпарат Wikipedia ғаламтор энциклопедиясына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде орналастырылмақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба барысында студенттер өздері жетік меңгерген тілдердің бірінде қажетті мәліметті дайындап, онлайн энциклопедияға орналастырады. Wikipedia желісіне мақаланы орналастыру үшін IT мамандардың арнайы тренингтері өтеді. Жоба биылғы наурыз айына дейін жалғаспақ. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында арнайы жиын өтіп, жобаға белсенді қатысқандар сертификатпен және ұсыныс хатпен марапатталады.
– Бұл жобаның Қазақстан үшін пайдасы көп деп ойлаймыз. Басты мақсат – есімі көпшілік үшін беймәлім десе де өз саласы бойынша табысқа жеткен нәзікжандыларды кеңінен насихаттау, интернет кеңістікте олар туралы ақпаратты қолжетімді ету. Осындай игілікті іске атсалысуға Қыздар университетінің студенттерін шақырамыз, - дейді Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институтының мамандары.
Жандар АСАН