Қазақстанның танымал каратэшісі Дархан Асәділов биылғы жылы Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарына қатысу құқығына ие болды.
Бірден айта кетейік, қазіргі кезде әлемнің әр қиырында ғаламдық доданың лицензиялық турнирлері үздіксіз өтіп жатыр. Каратэшілерді алда әлі бірнеше дүбірлі додалар күтіп тұр. Соған қарамастан 67 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Дархан Асәділов көздеген мақсатына күні бұрын қол жеткізді. Өйткені, ол өзі қатысқан жарыстарда жасындай жарқырап, қомақты табыстарға қол жеткізді. Мәселен, былтыр Премьер-лигада 11 жекпе-жек өткізіп, соның сегізінде жеңіске жетті.
Биыл да қандасымыз өз шабысынан жаңылған жоқ. Күні кеше ғана Асәділовтің Біріккен Араб Әмірлігінде өткен аса ірі халықаралық турнирде күміс медальді иеленуі жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі. Осы көрсеткіштерінің арақасында өз салмақ дәрежесі бойынша Дархан әлемдік рейтингте көш бастап тұр.
Олимпия ойындары тарихында каратэден жарыс тұңғыш рет өткелі отыр. Яғни, спорттың бұл түрінің тұсауы Токиода кесіледі. Сол себепті де қазақ жігітінің бұл табысын тарихи сәт деп бағалаған жөн.