Қызылорда облысында Сырдария өзенінің жағалауын түпкілікті жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасына Су ресурстары комитетінен 48 млн. теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын жеделдету шаралары қабылдануда. Бұл туралы облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың тұрғындар алдындағы есебінде айтылды.
«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңі аясында Қызылорда су торабын қайта жаңғырту, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту, Жалағаш ауданында Тұрымбет және Қорғанша учаскелерінде өзен арнасын түзету жұмыстары басталады, деді облыс әкімі.
Сырдария өзенінің Қызылорда қаласы тұсындағы бөлігінде арна тазалауға да қаржы бөлінетін болды. Бұл жоба іске асқанда өзен арнасының 9 шақырымға жуық тұсы тазаланады деп жоспарлануда.
Облыс басшылығы Үкіметке Қараөзек (су жинау көлемі – 1,5 млрд текшеметр) және Күміскеткен (су жинау көлемі – 600 млн текшеметр) су қоймаларын салуды ұсынып отыр. Бұл жыл сайын Үлкен Арал теңізіне кетіп жатқан 2 млрд текше метрден астам суды облыс аумағында сақтап, егінді суландыруға мүмкіндік береді.