Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің «Көрме» павильонында жамбылдық тұрғындармен кездесіп, есеп берді. Өткен жылды қорытындылап, өңірде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарларымен бөлісті.
Б.Сапарбаев 2020 жылы Жамбыл облысында жалпы құны 114 млрд теңге болатын 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланғанын айтты. Сонымен қатар тиімді инвестициялық саясат ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің 5 пайыздық өсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Ең үлкен қуатты жобаларды «Еурохим минералды тыңайтқыштар», «Қазфосфат», «Qazaq soda», «KORSEM» және «TALAS INVESTMENT COMPANY» компаниялары жүзеге асырады. «2025 жылға дейін жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 66 жоба іске асырылады, сол арқылы 11,4 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделуде», деді әкім.
Жиында өңір басшысы жергілікті биліктің күн тәртібінде «Тараз «Химпарк» арнайы экономикалық аймағын дамыту міндеті тұрғанын, оны шешу үшін жеті жобаны іске асыруға 648,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылатынын, нәтижесінде бұл 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін жеткізді. «Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мақсатында 12 кәсіпорын жаңғыртылады, тағы төртеуі заманауи инновациялық технологияларды енгізеді. Облыс тұрғындарының 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұратын аймақтың ерекшелігін ескерсек, аграрлық секторды дамытуға барынша көңіл бөлудің маңызы жоғары. Жоспарланған инвестициядан басқа саланың мұқтаждықтары үшін 21 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Ағымдағы жылдың басты міндеттерінің бірі – егістік алқаптарын 705 мың гектарға, ал суармалы жер көлемін 8 мың гектарға кеңейту», деді Б.Сапарбаев.
Өз сөзінде облыс әкімі егіс алқаптарын рентабельді, майлы және бұршақты дақылдармен әртараптандыру, жергілікті қант зауыттарын барынша жұмылдыру үшін қызылша шаруашылығын дамытуға көңіл бөлу қажеттігін де айтты. Тағы бір мәселе, негізгі бағыттардың бірі ретінде пайдаланусыз жатқан 70 мың гектар жерді егістік жер ретінде айналымға енгізуді, механикаландырылған жасақтың көмегімен алқаптарды суландыру желілері мен каналдарын, 5 су қоймасын ретке келтіруді, 5 мың гектарға жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу керегін де жеткізді. Мақсат – импортты төмендету және өңірді жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету.
Осы мақсатта Жамбыл облысында іске асырылып жатқан ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатындағы қанатқақты жобаның берері мол. Бұл Жамбыл өңірі үшін ғана емес, республика үшін де маңызды. Жобаның алғашқы қадамдары жасалып, 7886 аула несиеге қол жеткізсе, 194 аулаға шаруашылық техникасы алынған. Әкім бұл жұмыстардың әрі қарай жалғасатынын айтты. Жиында ауыл тұрғындарының орташа табысын 41,6 мың теңгеден 104 мың теңгеге дейін арттыру, ал 2,2 мың шаруаны өзін өзі жұмыспен қамтығандар санатынан жеке кәсіпкерлер санатына ауыстыру мәселесі де айтылды.
Жамбыл облысында жол мәселесі де күрделі. Дегенмен, ағымдағы жылы Жамбыл облысы аумағындағы 692 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу жоспарлануда екен. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, 668 шақырым автожол орташа жөндеуден өтіп, 6,1 шақырымдық жол қайта жаңартылса, 18 шақырымдық жаңа жол салынады. Сондай-ақ жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында 100 жаңа автобус сатып алу, электронды билеттеу жүйесін енгізу де жоспарланған.
Осы уақытқа дейін тұрғындар үшін ауыз су үлкен мәселе болып келді десек, биыл 70-тен астам ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Бұл тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 57,3 пайыздан 77 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ облыс әкімі 48 мың тұрғыны бар 35 елді мекенді газдандыру жұмысының жүргізілетінін де жеткізді. Сонымен қатар биыл облыс аумағында балама энергия көздерін өндіретін төрт стансаны іске қосу жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы Жамбыл облысында 14 жаңа мектеп салынып, 3 орын тапшылығы бар, 1 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселелерін шешу жоспарлануда. Биыл 285 мектеп жылы санитарлық жүйелермен жабдықталады. Нәтижесінде, бұл мәселе толық шешіледі. Барлық мектеп бейнебақылау жүйесімен қамтылады. Денсаулық сақтау саласында 18 жедел жәрдем көлігін сатып алу, медициналық жабдықтау деңгейін 92 пайызға жеткізу, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша жұмысты белсенді жалғастыру жоспарлануда және өңірде 91 спорт алаңшасы салынады. 1200-ден астам жасқа грант беріліп, жеңіл атлетикалық және гимнастикалық манеждер құрылысы басталады.
Тұрғындардың дені негізінен тұрғын үй, жол салу, ауыз су, газ тарту мәселелерін айтты. Шу ауданының тұрғыны Тұрсынбай Абдуллаев Шу вокзалынан күніне 40 шақты пойыздың өтетінін, алайда келесі жолға жету әсіресе қарт кісілер үшін қиын екенін айтып, әкімнен осы мәселені шешіп беруін сұрады. Жамбыл ауданының тұрғыны Жамбыл Баймаханов жерлерді жекеменшіктен қайтарып алу мәселесін көтерсе, Мойынқұм ауданынан келген Жамбыл Ағыбаев Талас газының Мойынқұм мен Талас аудандарының орталығынан шығып жатқанын, алайда әлі күнге дейін Мойынқұм ауданында көгілдір отын жоқ екенін жеткізді. Ал Байзақ ауданының тұрғыны Саха Манатов Байзақ, Меркі, Шу аудандарынан 102 шаруаның қант қызылшасының мәселесімен қалаға келгенін айтып, қант қызылшасын егушілерге қолдау болса деген ниетін жеткізді. Сонымен қатар Тараз қаласының тұрғыны Досжан Нарбеков «Көктем» тұрғын үй алабында 5 жыл бұрын жеке қаржыға жарық тартқанын, енді оның бағаналары құлап жатқанын, су да жоқ екенін жеткізді.
Тұрғындарды тыңдаған Б.Сапарбаев көпшіліктің көтерген мәселесіне зерделеу жұмыстары жүргізілетінін, ешқандай мәселе назардан тыс қалмайтынын айтты. Ал көпшіліктің «Көп балалы аналарға баспана салып беру мәселесі жалғасын таба ма?» деген сауалына әкім «Көп балалы аналарды қолдау үшін бұл жұмыстарды жалғастырамыз», деп жауап берді.
Жамбыл облысы