Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, былтыр өңірде 129 мал ұрлығы тіркелген. Мал ұрлығы облыс орталығы, Екібастұз қалаларына қарасты ауылдық аумақтарда, Ақтоғай, Ертіс, Май, Шарбақты және Павлодар аудандарында көбейген.
Былтыр өңірде жедел іздестіру барысында полицейлер мал ұрлығымен айналысып жүрген 52 барымташыны қолға түсірген. Барымташылар 11 рет ұрлыққа шыққан. Жалпы саны 116 ірі қараны ұрлаған 9 қылмыстық топты қолға түсірді. Құны 30 миллион теңгені құрайтын 82 бас жылқы да бар. Полицейлер өткен жылы мал иелеріне жалпы құны 75 миллион теңгеге тең 251 бас малын қайтарып берген.
Ал барымташылар болса, малды жайылымда жүрген жерлерінен алып кетіп отырған. Ұрланған малды туыстарына, ауыл тұрғындарына арзан бағамен сатады. Бірақ биылдан бастап барымташылар мен мал иелеріне жаза күшейді. Барымташылар жаңа заң бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
Енді малын қараусыз жіберген ауылдықтар 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бұл қаражат төртінші деңгейлі бюджет аясында ауыл бюджетіне түседі. Сондықтан полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарынан малдың жоғалғанын дер кезінде хабарлауды сұрайды.
Өткен жылдың соңында Ақтоғай ауданында 25 ірі қара ұрланды. Мал иесі құқық қорғау орындарына уақытында хабар бергеннің нәтижесінде, полиция қызметкерлері жоғалған малды Ақмола облысы аумағынан тауып алған.
Екіншіден, үлкен жолдарда, теміржол бойында бос жүрген малдың қатысуымен былтыр 89 жол-көлік оқиғасы орын алыпты. Кейбір ауыл тұрғындарының малы есепке алынбаған соң, көлікке соғылған мал иесін анықтау қиын.
– Сондықтан, – дейді полиция мамандары, – бұл жайларға мал ұрлығының орын алуына дұрыс анықтама бермеген жергілікті әкімдік, ветеринария саласы мамандарының да жауапкершілігі қажет.
Яғни, ветеринария мамандары, учаскелік инспектор, ауыл әкімдері бірлесіп, әрбір үйді аралап, малды есепке қоюы қажет. Қазір мал қорада тұрған кезде бұл жұмыстарды жасап алған жөн.
Павлодар облысы