• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 20 Ақпан, 2020

Әлеуметтік нысандарды аралады

349 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығын, №2 қалалық емхананы және Орталық жол ауруханасын аралады.

Ең алдымен вице-премьер «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының жұмысымен танысты. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде құрылған «Жанұя» отбасылық институтын қолдау орталығы өткен жылдың 26 тамызынан бері жұмыс істейді. Орталықта 12 мемлекеттік орган мен мекемеден көрсетілетін 70 қызмет «бір терезе­ге» біріктірілген. Атап айтқанда, денсау­лық сақтау, тұрғын үй, білім беру, биз­несті бастау және мемлекеттік қолдау алу, жұмысқа орналасу, қысқа мерзім­ді оқыту, атаулы әлеуметтік көмек, пси­хо­логиялық көмек, заңгерлік кеңестің бар­лығын қамтып қана қоймай, «Кәсіпкер ана» жобасын жүзеге асырып, мотива­циялық семинарлар мен шеберлік сыныптарын да өткізеді.

«Орталық ашылғанынан бас­тап 11 мың­нан астам адам 24 403 мәселе бойын­ша хабарласты. 18 404 мәселе бойын­ша жүйелі кеңес берілсе, атау­лы әлеуметтік көмек тағайындау, жұ­мыс­қа орналасу, курстарда оқу сияқты 5 999 мәселе шешімін тапты. Отбасы­ларға заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сон­дай-ақ орталық мамандары жүзе­ге асырылып жатқан мемлекеттік бағ­дар­ламалар туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, денсаулық сақтау, білім беру, баспана, бизнесті бастау және мемлекеттік қолдауға кезең-кезеңімен жүйелі кеңес береді», деді «Жанұя» отбасылық институтын қолдау орталығы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Сәуле Нұрғожина.

Сәуле Нұрғожинаның айтуынша, орталық Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, астанадағы Әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Тұрғынүйқұ­ры­лысжинақбанкі» мамандары тарапы­нан салалық кеңес береді әрі білім бас­қармасы жалпы білім беру, балабақ­шалар, үйірмелер мен секциялар, оқуға грант­тар алу, мектеп оқушыларына жол жүру билеттер алу жөнінде; мектепке дейінгі жастағы балаларды (7 жасқа дейін) балабақшаға жолдау үшін кезекке қою бойынша да қызмет көрсе­теді. Мектепке қабылдау, мүгедек бала­лар­ға арналған арнайы білім беру ұйым­дарында құжаттарды қабылдау жайлы мәліметтер айтылады.

Жоғарыда атап өткен «Кәсіпкер ана» орталығы да осында жұмыс істейді. Мұнда аналарға арналған жеке бизнесті дамытуға қолдау көрсету бойынша мамандар көп балалы және аз қамтылған отбасылардағы әйелдердің бизнес ашып, үйде жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қарастырылады. Мысалы, «Кәсіпкер ана» жобасы басталғалы бері оқуға 434 әйел өтініш беріп, қазір 250 әйел оқып жатыр. Оның ішінде негізгі дайындық курсын 65 адам аяқтап, он шақтысы сәтті жұмыс істеп жатқан көрінеді. 2019 жылы 1 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталық жұмысымен танысып, жоғары бағалады және өңірлерде осындай орталықтар құруды тапсырғаны есімізде.

Сондай-ақ орталықта ашық қоғамдық қабылдау жұмыс істейді. Онда қала әкі­мі­нің орынбасарлары, аудан әкімдері, бө­лім басшылары мен басқа да ұйым­дар­дың басшылары азаматтарды қабыл­­дайды. Премьер-Министрдің орын­ба­сарына атаулы әлеуметтік көмек­тің (АӘК) жаңа тәсілдері де таныс­ты­­рылды. «Еңбек» мемлекеттік бағдар­ла­масы арқылы атау­лы әлеуметтік көмек­ті алушыларға ешқандай оқусыз жеңілде­тіл­ген шағын несиелер мен гранттар қарастырылған.

Е.Тоғжанов АӘК-пен қамтамасыз ету­дің жаңа тәсілдері ашықтықты, әділ­дікті және еңбекке ынталандыруды көз­деуі керек екенін тағы бір рет ескертті. «Жұ­мыс­сыздарға міндетті түрде жұмыс ұсы­ны­лады. Егер бұл топтағы адамдар ұсы­нылған жұмыстан бас тартса, оларға атау­лы әлеу­меттік көмек берілмейді. Мұ­ны сіз­дер тұрғындарға жеткілікті дең­гейде тү­сін­дірулеріңіз қажет», деп тап­сыр­ды Е.Тоғжанов.

Осыдан кейін Үкімет басшы­сы­ның орынбасары №2 қалалық емхана мен Орталық жол ауруханасына ат басын тіреді.  Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова аталған екі медициналық мекеменің жұмысымен таныстырды. №2 қалалық емхана бүгінде 63 мыңнан астам адамға қызмет көр­­сетеді. Оның 18 мыңы – балалар. Бұған дейін ақылы болып кел­ген физио­те­рапевтік, массаж жасау сияқты оңалту қыз­меттері қазір МӘМС аясында халық­тың барлы­ғына тегін көрсетілуде.

Е.Тоғжанов тұрғындардың тегін ме­дициналық көмектің  кепілден­дірілген көлемімен қаншалықты қамтылып отыр­ғанын және міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру жүйесіне меди­ци­налық көмектің қандай түрлері кіретінін сұрады.

«Алғашқы медициналық-сани­­тар­­лық көмекпен (АМСК) елорда тұр­ғын­­дарының тек 1 пайызы ғана қамтыл­маған. Бұл – 35 434 адам. Олардың 22 мыңы сырттан келгендер санатында. 10 мың адам тіркеуден бас тартқан. Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қорымен келісімге отырған 93 медициналық ұйымның бәрінде алғашқы меди­ци­налық-сани­тар­лық көмектің барлық түрі көрсетіліп отыр», деді Сәуле Қисықова.

«Мұнда МӘМС-ке байланыс­ты көп­теген жұмыстар жүргізіліпті. Пациент­терінің 92,5 пайызы сақ­тандырылған. Ол үлкен жетістік деп айтуға болады. Сақтандырылмаған азаматтарды мін­детті түрде әрі қарай анықтау керек. Оның саны қазір белгілі – 35 мың адам­ға дейін. Оларды анықтау тек медици­на қыз­меткерлерінің жұмысы емес. Ішкі істер министрлігімен де мұқият қарасты­ру керек. Екіншіден Нұр-Сұлтан қаласы­на сырттан келетін азаматтар көп. Ор­та есеппен халықтың 16 пайызы сырттан келеді екен. Қажетті жағдайда медици­налық көмектің барлығы сол азаматтарға көрсетіліп жатыр», деді Е.Тоғжанов.

Орталық жол ауруханасына бар­ған Премьер-Министрдің орынбасары ондағы медициналық қызмет көрсе­тудің түрлерімен танысты. Мемле­кет басшысының тікелей тапсырма­сымен өткен жылы толықтай күрделі жөн­деуден өткен медициналық нысан­ның бүгінгі жұмысына оң пікір біл­дір­ген Ералы Тоғжанов: «Бұл апатты жағ­дайдағы нысан болатын. 31 желтоқ­саннан бастап толықтай жұмысқа қайта кірісті. Хи­рургиялық блогы қалды, оны жыл­дың аяғына дейін бітіру міндет­теліп отыр. Оны тікелей қада­ға­лауға аламыз. Мердігерлермен тіке­лей жұмыс істейміз. Ауруханаға берілген тапсырманың барлығы бүгінде орындалған», деді.