Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері елімізге «Fonterra» (Жаңа Зеландия) компаниясы шығарған тамақ өнімдерін әкелуге тыйым салу туралы қаулы қабылдады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мұндай қадамға баруына Жаңа Зеландияның Алғашқы салалар министрлігінің сүт сарысуының концентратында ботулизм уыты бар өнімдерді кері қайтару жөнінде шаралар қолдану туралы ресми ақпараты себеп болып отыр. Аталмыш министрлік «Fonterra» компаниясы өндіретін тамақ өнімдерінің, атап айтқанда, балаларға арналған сүт қоспаларының, спорттық протеин қоспаларының және басқа да сусындардың бактериологиялық ластануымен байланысты жағдайды растамақ.
Осыған орай, Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне жоғарыда аталған компанияның балаларға арналған сүт қоспаларын айналымнан алып тастау туралы тапсырма берілді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.