Түркістан облысының Созақ ауданындағы «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясы информатика пәнінің мұғалімі Роман Қадырқұлов бір кездері «Құдай қаласа, зейнеткерлікке шыққанша, қырық жыл бойы сабақ бере жүріп, жылына осы саланы терең меңгерген бір шәкірт тәрбиелеп, қырық жылда 40 шәкірт тәрбиелеп шығамын» деген мақсат қойған екен.
Содан шәкірттерінің санының көптігін емес, сапасын, солардың жетістігін мақтан тұтуды мақсат еткен Роман Алауұлы оқушыларға сабақтан тыс уақытта «Жас программалаушылар» үйірмесін ашып, оқушыларды қызықтырып, пәндік олимпиадаларға дайындауға кірісіп кетіпті.
Сөйтіп бүгінге дейін сол мақсатынан айнымай келе жатқан Роман 22 жыл ішінде информатика пәнінен 22 шәкірт қана емес, физика пәні бойынша да 32 шәкірт тәрбиелеп үлгерді. Дәріс берген шәкірттерінің әрбірі мектеп қабырғасында жүргенде информатика және физика пәндері бойынша олимпиада, білім бәйгелерінде мектеп, аудан, облыс және республика көлемінде білім деңгейлерінің жоғары екендігін дәлелдеді. «Осындай білім жарыстары арқылы шәкірттерімді өмірге бейімдеп, білімін ұштауына, болашақ мамандық таңдауға көмектесу арқылы өзім де кәсіби деңгейде өсе отырып, педагогикалық еңбектің шыңына өрмеледім», дейді ол.
Соңғы 22 жыл көлемінде Роман Алауұлының шәкірттері аудандық пәндік олимпиадаларда информатика және физика пәндерінен 9-11 сыныптар арасында бірінші орынды берген емес. Дайындаған шәкірттері 2000 жылдан бастап информатика пәні бойынша барлық облыстық пәндік олимпиадаларға үздіксіз қатысып, елеулі жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
«Біздің мектеп оқушыларының деңгейі қала деңгейінен кем емес. Осы гимназияның оқушылары тек аудан, облыс емес, республикалық олимпиадалар мен байқауларда да топ жарып жүр. Бүгінгі цифрлы технология мен интернеттің дамуы ауыл мен қала баласының білімін бір-біріне теңестіреді десек болады», дейді Роман Алауұлы ағынан жарылып.
Роман Қадырқұловтың өзі «7-сынып. Информатика» оқулығы мен әдістемелік жинағының авторы. Бұл – Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілінде жазылып, орыс тіліне аударылған оқулық. Сондай-ақ қазақ, өзбек және орыс тілдеріндегі «8-сынып. Информатика, «3-класс. ИКТ», 9-сынып және 10-сынып жаратылыстану-математика бағытындағы информатика оқулықтарының, әдістемелік жинақтарының авторы. Ұстаз 2005 жылы облыстық «Алтын диск» байқауында бірінші орын алса, осы жылы облыстық «Алтын қор» байқауында бас жүлдені иеленді. «Информатикадан олимпиадаға дайындау – оқушының логикалық ойлау қабілетін дамыту және дүниетанымын кеңейту кепілі» тақырыбында жасаған баяндамасы «Алтын қор» жинағына енген. 2018 жылы Математика, физика және информатика пәндері мұғалімдерінің Республикалық олимпиадасында жүлделі ІІ орын иеленді.
Ол мұғалімдік жұмысын мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметімен ұштастырып отырды. Сондай-ақ мектеп-гимназияның инновациялық және эксперименталдық алаңында 11 гимназия және 12 жылдық 4 эксперимент сыныбын 15 жыл бойы басқарды. Осы кезеңде мектептегі оқу процесін ұйымдастыру мен мұғалімдердің шығармашылығына, инновациялық процестерге, оқушылардың пәндік олимпиадасы, ғылыми шығармашылық жұмыстар сияқты мектептегі шығармашылық ізденістің шәкілі болған бағыттарға тікелей жауап берді. Соның нәтижесі болу керек, аталған білім ошағы соңғы алты жылдан бері ауданның ең үздік мектебі атанып жүр. Жыл сайын бұл мектептен 8-10 оқушы облыстық пәндік олимпиадаларға қатысып отырады. 2016 жылы облыстық пәндік олимпиадаға қатысқан 8 оқушының үшеуі І орын иеленді.
Азамат ОСПАНОВ,
Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз хатшысы