«Қазақфильм» киностудиясының «Қыз Жібек» фильмін түсіріп жатқанда, бір топ өнер иелері «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында болып, журналистермен кездескендегі шыққан мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.
Бұрнағы күні «Қазақфильм» киностудиясының «Қыз Жібек» фильмін түсіріп жатқан бір топ өнер иелері «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында болып, журналистермен кездесті.
Гауһар сырғалы, қолына асыл көзді жүзік салған кербез Жібек басына сәукеле, үстіне құндыз ұстаған жасау киіп, экранға шығатын алты түрлі сән-салтанатының бар қырын паш ете келді.
Базарбайдың Төлегені жау-жорық күйін танытатын дулыға-сауытымен, күміс белбеуіне алмас қылыш тағынып отырды.
Бұлардың өзге фильмнің бас режиссері С.Ходжиков, суретшісі Г.Ысмайылова, композиторы Н.Тілендиев, фильм директоры З.Бошаев, Шеге – Ә.Молдабеков, Бекежан – А.Әшімов, Сырлыбай – К.Қожабеков, фильмге қатысатын басқа да артистер редакциямыздың қонағы болды.
Кездесуде журналистерге «Қыз Жібек» фильмінің түсірілуі жайын фильмнің режиссері С.Ходжиков әңгімелеп берді.
Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда «Қыз Жібектің» қазірге дейін үштен бірі түсіріліп болыпты. «Қыз Жібек» сияқты бүкіл халық білетін, білгенде жай ғана емес, қадір тұтып, құрмет тұтатын асыл мұраны өз ажар-көркінде экранға шығару сияқты абзал парыз фильм түсірушілерінің бәрін қатты толғандыруда екен. Сондықтан да фильмнің мәртебесін халық ұғымындағы биіктен төмендетпеу шаралары қарастырылып жатқан көрінеді. Бұдан бұрын берген репортажымызда айтқанымыздай, ертедегі үй жиһаздары, ер-тұрман, қару-жарақ сияқты аса сирек ұшырасатын бұйымдар ел арасынан жиылған. Күміс ердің түр-түрі табылыпты. Тіпті бірқатар ауылдар Жібектің шашуы деп мұндай тұрмандарды тегін де берген. Сырлыбайдың ордасы 12 үйден құралмақ. Үлкен Орда бүйірінен шығарылған есіктер арқылы отаулармен байланысып, сырттай қарағанда бір үй тәрізді болып көрінбек. Орданың жасау-жабдығы, гүлді шиелерімен, күміс шаптырған кереге-уықтары, бау-құры, туырлық-үзігі, дөдеге-есігі – бәрі-бәрі «Қыз Жібек» жырында көрсетілетініндей келісті. Төлеген, Бекежан, Қаршыға, Жібек мінетін сайгүліктер қазірде-ақ сайланып қойылған. Фильм халқымыздың тек кешегісін ғана емес, сонау ерте кездегі салт-ғұрпын, әдет-дәстүрлерін көрсетуді де мақсат етеді.
Бұлардан басқа, фильмді түсірудің алда ең жауапты да қиын кезеңі тұр, – деді режиссер, – ол Төлеген мен Шеге қуатын ұзын көш. Көшті кино тілімен айтып беріп қатты толғантып отыр. Қамқа зерлі кілемді жүк үстіне жаптырып, жез бұйдалы сексен түйе қомдаған, сән-салтанаты бірінен бірі артып түсетін қырық көшті өз сипатында сұлу Көкше, кербез Алтай, жер жәннаты Жетісу, Ақ Жайық маңында түсіруге қаржы жетпейді. Сондықтан көшті азайта шамалап түсіреміз бе деген ойдамыз.
Режиссерға мынадай сұрақ қойылды:
– «Қыз Жібек» неше сериялы болмақ?
– Жазушы Ғ.Мүсіреповтің сценарийі екі сериялы фильмге арналған. Алғашқы жоба бойынша «Қыз Жібек» екі сериялы фильм болып түсірілмек еді. Қазір қаржы жетпейтіндіктен ықшамдап бір серия аясына сыйғызу көзделіп отыр. Журналистер қауымы халық сүйіп ардақ тұтатын жыр тәңірінің сюжет, мазмұны фильмнің бір сериясына сыя қояр ма екен деген де пікірлерін жасыра алмады. Түбінде екі сериялы қалпында түсірілсе жақсы болар еді. Қаржы мәселесін мүмкіндігінше қосымша ойластыра отырып, фильмді екі сериялы еткен жөн болар.
Тағы бір ерекшелік – фильмде халқымыздың бай музыкасы да, оның әртүрлі музыка аспабы да жете пайдаланылады. Айталық, ертеде қолданылып, бұл күнде ұмытылып кеткен көне ән-күй аспаптары – жетіген, шаңқобыз, дауылпаз, шертер, сыбызғы, сырнай, керней, шыңдауыл, асатаяқ, қоңыраулы сияқты отызға тарта музыка аспабы экран арқылы туған халқымен дидарласады. Фильмнің музыкалық жағын басқарушы Н.Тілендиев осылай жайлы айтты.
Талантты жас дыбыс операторы Қ.Қосаев кездесуде фильмнің музыкасынан «Гәкку» әні мен «Аққу» күйін магнитофонға қойып тыңдаушыларды разы етті.
Экранның да, сахнаны да көрікті болуы оның да корациясына байланысты. Ол өмір мен табиғатты өзіндей нанымды болуы шарт. Әйтсе де «Қыз Жібек» жыры сияқты асыл мұраны кино тілімен баяндауды оның көркемдік жағын басқарушыға да үлкен жауаптылық жүктеледі. Әр фильмнің көркемдік жағын басқарып, әрі Жібектің шешесі болып ойнайтын актер әрі суретші Ысмайылова кинодағы жиһаздар мен киім үлгілер жөнінде айтты. Мәселен Төлеген мен Жібек, Шеге мен Бекежан, Сырлыбай мен Базарбай, қырық батыр, толып жатқан нөкер қыздар жас шамасы да түр-түсі де бөлек-бөлек, бір-біріне ұқсамайтын жандар. Сондықтан олардың киім киісі де, жүріс-тұрысы да бір-бірінен өзгеше. Осыған орай, олардың киімдері мен қару-жарақтары сол кейіпкер рөлін аша түсуге септігін тигізетін болуы шарт.
Кездесуде журналистер «Қыз Жібек» сияқты жыр мұрасын «Ләйлі-Мәжнүн», «Тахир-Зухра», «Шах-Сәнәм мен Ғарип» сияқты және басқа махаббатты жырлайтын фильмдер сияқты биік һәм өз деңгейінде түсіруге бізде мол мүмкіндік бар екенін еске салды. Айталық, ну ормандар да, асқар-асқар таулар да, арқыраған асау өзендер де, көсілген кең дала да, бұйра толқын күміс көлдер де бар. Кезінде сұлу Жібекті туғызған әсем табиғат әлі сол қалпында. Сондықтан фильм коллективі студия павильондарынан гөрі Қазақстанның көркем-табиғатты жерлерін аралап, оны сол қалпында түсіруге көңіл бөлсе, кино әрі ұтымды, әрі көрікті, әрі аясы кең болып шығар еді.
Кино түсіру өнерінің кейбір құпия сырлы жақтары журналистерді қызықтырды. Артистер де, журналистер де бір-бірінен қысылмай, емін-еркін отырып фильм жайында ашық пікір алысты.
Ә.ХАСЕНОВ
«Социалистік Қазақстан», 5 апрель, 1969 жыл