Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы Шығыс Қазақстан облысымен іргелес, Ресейдің Барнаул қаласында да атап өтіліп жатыр.
Жақында осы шаһардағы Алтай мемлекеттік университетінде «Орталық Азиядағы білім-ғылым және мәдени кеңістіктегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында өткен стратегиялық сессия барысында ақын мерейтойына орай көрме ашылды. Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, облыстық Ішкі саясат, Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармаларының қолдауымен ұйымдастырылған көшпелі көрме Алтай мемлекеттік университетінің «Қазақстан жолы және Н.Назарбаев» кафедрасының кабинетіне қойылды. Халықаралық кездесуге қатысқан ШҚМТУ-дың бірінші проректоры Сәуле Рахметуллина көрмедегі университет экспонаттарын Семейдегі Абай атындағы облыстық мамандандырылған кітапхананың материалдары, атап айтқанда Абайдың және оның саяси қуғынға түскен достарының фотопортреттері, «Абай әлемі» сериясымен шыққан Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ф.Достоевский, М.Әуезов, Ә.Қашаубаев, А.Иванов кітаптары толықтырғанын айтады. «Алтай мемлекеттік университетінің ректоры С.Бочаров өзінің құттықтау сөзінде әлемдік мәдениеттің ұлы қайраткері Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған көрме жастар арасында гуманизм идеяларын, жалпыадамзаттық құндылықтарды таратуға ықпал ететінін ерекше атап өтті. «Біз Алтай мемлекеттік университетінің «Қазақстан жолы және Н.Назарбаев» кафедрасына «Абай әлемі» сериясымен шыққан туындыларды және философия ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық Абай клубының жетекшісі болған Е.Григорьевтің «Адам бол», «Абай және Алаш қозғалысы», «Прометей Великой степи» сияқты бірнеше еңбегін сыйға тарттық. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенттері Әділет Қасақаев пен Аяужан Аянқызы Абайдың өлеңдерін оқып, челленджді Алтай мемлекеттік университетінің студенттеріне тапсырды. Өз кезегінде ұлы Абайдың өлеңдерін нақышына келтіре оқыған Алтай мемлекеттік университетінің студенттері эстафетаны жақында тағайындалған Ресейдегі Қазақстан елшісі Ермек Көшербаевқа жолдады. Көрме екі апта бойы жұмыс істейді» деді ол.
ӨСКЕМЕН