Осы жылғы мамыр айының соңында Алматыда Қ.И.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының конференц-залында геологиялық зерттеудің бағытын анықтап, тиімділігін арттыру мәселесіне арналған «Қазақстанның кейбір кенді өңірлері» деген тақырыпта ғылыми семинар өтіп, арты республиканың барлық өңірінен 54 ұжымнан геология саласының 151 білікті мамандары қатысқан алқалы жиынға ұласып, шешімдер қабылданып, олар Елбасының атына, Премьер-Министрге жолданған еді. Амал не, барлығы кейінгі кезде геологиялық тұжырым жасау қабілетінен айырылған Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне қайта оралып келген.
Осы жылғы мамыр айының соңында Алматыда Қ.И.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институтының конференц-залында геологиялық зерттеудің бағытын анықтап, тиімділігін арттыру мәселесіне арналған «Қазақстанның кейбір кенді өңірлері» деген тақырыпта ғылыми семинар өтіп, арты республиканың барлық өңірінен 54 ұжымнан геология саласының 151 білікті мамандары қатысқан алқалы жиынға ұласып, шешімдер қабылданып, олар Елбасының атына, Премьер-Министрге жолданған еді. Амал не, барлығы кейінгі кезде геологиялық тұжырым жасау қабілетінен айырылған Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне қайта оралып келген. Бұл жағдайда республиканың геология саласы дамып, жетілмек тұрсын, құрып бара жатқанға ұқсайды.
Бұл геологиялық қауымдастықтардың семинар-кеңесі Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылдың сәуір айында «Геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру» жөніндегі тапсырмасына жауап ретінде өткізілген іс-шара еді.
Мемлекет басшысы «Жеріміз қойнауының айрықша байлығына қарамастан геологиялық іздестірулердің тиімділігі нашар, біз әлі күнге дейін аға ұрпақтың тапқандарын пайдаланып келеміз», деп атап көрсеткен. Президентіміздің осы сынының айтылғанына екі жылдан асса да, геология саласының жағдайы түзелер емес, күннен-күнге төмендеуде. Өйткені, саланы басқарушы комитет білімді, тәжірибелі геолог маман басшыға зәру болып отыр. Абыройлы, білікті маман басшы болмаса, қандай да жақсы істің құрдымға кететіні белгілі ғой. Екі жылға жетер-жетпес уақыт ішінде төраға бес рет ауысты. Тағайындалғандар геология ортасында белгісіз, геологиялық барлау, іздестіру істерінен хабары жоқ адамдар болғандықтан, бұрынғы қалыптасқан тәжірибелі, білікті 12 геолог маман басқа салаларға (тау-кен өндірісіне) орын ауыстырды. Жаңадан келгендер де геологиядан түсінігі жоқтар.
Осыдан болар комитет басшылары геологиялық ұжымдармен, кәсіподақпен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланысын жоғалтып, «жабық» құрылымға айналуда. Көпшілік геолог мамандар «Комитетке барып ой бөлісуден қалдық» деп ашық айтады. Қазақстан жер қойнауы құрылымын, минералды-шикізаттардың орналасу жағдайын жан-жақты білетін, геологиялық қоғамдарға арқа сүйемеген саланы басқарушы орган табысты болады деу көңілге қонбайды.
Мысалы, комитет үшінші жыл қатарынан геологиялық зерттеулердің мемлекеттік тапсырыстарын орындауға конкурсты уақытында (жазғы маусымға дейін) өткізе алмай жүр. Бұл дала жұмыстарын жүргізу мерзімін қысқартып, мемлекеттік қаржының игерілмей қалуына әкеліп соқтырған.
Геология саласындағы осындай жағдайларды көре отырып, геологиялық қауымдастық тек сырт бақылаушы ретінде қалуды қаламады. Ұйымдасып, басқосып ақылдасып саланы дамыту бағдарламасын анықтап, Үкімет басшылығына ұсыныс жасауды жөн көрді. 54 ұжымнан 151 маман қатысқан семинар-кеңесте басты пайдалы қазбалардың минералды-шикізат базасын ұлғайту мәселелеріне арналған 26 автордың 12 баяндамасы тыңдалды. Негізгі өңірлердің жағдайы әңгіме болып, Жезқазған кенді ауданының келешегін қарауға арнайы жиын өткізуге шешім қабылданды.
Семинар-кеңесте геологиялық қызмет пен ғылыми ізденістер арасында байланыстың нашарлығы да сөз болды. Олар шашырап төрт ведомствоның – Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі (Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті), Мұнай және газ министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ (АҚ «Казгеология ҰГК») және Білім және ғылым министрлігі (Геология ғылымдар институты мен гидрогеология институты) құрамында болғандықтан геологиялық іздестірудің тиімд ілігі ойдағыдай болмай тұр.
Мемлекет тарапынан бөлінген шамалы қаражаттың және жеткіліксіз мамандардың бірнеше ведомстволарға бөлектенуі де геологиялық іздестірудің тиімділігін төмендете түседі. Шетелдердегі сияқты геологиялық қызметті бір органда жинақтаса, онымен қосарланатын геология ғылымына маңыз берсе істің оңға басары анық.
Бірақ та бүгінгі таңда комитет «ғажайып технология» игерген шетелдік мамандарды Қазақстан даласына келтірсе, геологияның барлық проблемалары шешіледі деп ойлайды. Жасыратыны жоқ, дүниежүзілік геологияның практикасында жаңа технологиялар мен өндірістік жүйелер енгізіліп жатады. Олар ірі қаражат пен интеллектуалды ойды жұмсауды қажет етеді. Шетелдік технологиялар базары өз әдістерін шамалы даму жағдайындағы елдерде қолданып жүрген фирмалармен толған. Біздің еліміз олардың қатарынан әлдеқайда алыстап кеткен. Геологиялық зерттеулер жүргізуде алдыңғы қатарлы елдер ішіне ертеде-ақ енген. Бірақ, шетелдік зерттеу әдістерінің жетілген аппаратураларымен (геофизикалық космостық суреттеу және т.б.) бірге қабылдап игеруді жоққа шығармаймыз. Ал технология мәселесі – геологиялық зерттеу әдістерін оңтайлы кешендендіріп іске асыру, Қазақстанның бірегей дараланған жер қыртысы құрылысы, оның геологиялық тарихының дамуы жөнінде жете білімі бар отандық геологтардың ғана қолынан келеді. Семинар-кеңес көрсеткендей, елімізде кадрлар күш қуаты әлі де жеткілікті. Тек олардың білімі мен күшін біріктіріп бағыттау дара мемлекеттік органның қолынан келеді деп ойлаймыз.
Серікбай ХАМЗА,
«Қазақстан Республикасының
Өндірістік геологиялық ұжымдары ассоциациясы»
заңды тұлғалар бірлестігінің президенті.