Қызылордадағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Масленица» мерекесіне арналған «Ескі ғасыр дәстүрлері» атты фольклорлық шара өтті.
«Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы мен облыстық кітапхана ұжымы бірлесе ұйымдастырған кешке «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев, этномәдени бірлестіктер өкілдері, Ж.Нұрсейітов атындағы №233 орта мектеп оқушылары және кітапхана оқырмандары қатысты.
Мерекелік шарада орыс ұлтының өнері, тағамдары, киімдері, қолөнері мен салт-дәстүрлері туралы кітап көрмесі жасақталды.
Кездесуде облыстық кітапхананың директоры Нұржамал Мырзамұратова мен «Славяне» қоғамдық-мәдени бірлестігінің төрайымы Галина Щербакова қатысушыларды құттықтап, бірлік мерекесіне айналған «Масленицаның» қазіргі қоғамдағы орны туралы айтты.
Мереке аясында славян этносының салт-дәстүрлері көрсетіліп, «Сударушки» ансамблі, «Надежда» жастар тобы солистері ән айтып, би биледі, «Шалқан» ертегісі желісінде қойылды. Балалар халық ойындарын ойнап, жұмбақтар шешіп, мақал-мәтелдер сайысына қатысты.