Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Жиын комитет басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен өтті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл құжатпен 2019 жылдың 15 сәуірінде Ташкент қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасында заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық жөніндегі келісімді ратификациялау көзделіп отыр.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың баяндауынша, келісімнің мақсаты – заңсыз көші-қонмен күресте екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру, ол келісуші тараптардың аумақтарындағы көші-қон процесін реттеудегі маңызды салалардың бірі.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобына жетекшілік еткен сенатор Дана Нұржігітова екі елдің әріптестік қарым-қатынасын дамыту мен нығайта түсуде екіжақты келісімнің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, келісім заңсыз көші-қонның жолын кесу мен ескерту мақсатында пайдаланатын статистикалық, ғылыми-әдістемелік және басқа да ақпараттармен бөлісіп, заңсыз көші-қонға қарсы күресте бірлескен тиімді шараларды іске асыруға мүмкіндік береді. Тараптардың ынтымақтастығы екі елдің көші-қонмен айналысатын құзыретті органдар қызметкерлерін даярлау және біліктілігін арттыру, заңсыз көші-қонмен күрес саласында ғылыми зерттеулер жүргізу, екі ел аумақтарында заңсыз көші-қонға қарсы жедел-профилактикалық бірлескен шаралар ұйымдастыру сипатында жүзеге асатын болады.
Сенатор М.Құл-Мұхаммед шараны қорытындылай келіп, келісімді ратификациялаудың нәтижесінде екіжақты заңсыз көші-қонды реттеу арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен экономикалық тұрақтылық күтілетінін жеткізді.
Заң жобасы Сенаттың жалпы отырысында қарауға ұсынылды.