• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Ақпан, 2020

Меже – 5 миллиард (Өзбекстан мен Түркия тауар айналымын ұлғайтуға ниетті)

239 рет
көрсетілді

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв жақында Түркияға ресми сапармен барған болатын. Түркияға зайыбымен бірге барған Өзбекстан басшысын Анкарада президент Режеп Тайип Ердоған мен Анкара басшылығы, ресми өкілдер қарсы алды.

 

Өзбекстан президенті әкім­шілігінің хабарлауынша, ресми сапар президент Режеп Тайип Ердоғанның шақыруы негізін­де болған. Іссапар барысында жоғары дәрежедегі кеңестермен қатар Стратегиялық серіктестік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Сонымен бірге Президент кітапханасы кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. 

Екі ел басшылары саясат, экономика, сауда, инвес­ти­ция, қаржы, транспорт, байланыс, білім, мәдениет сала­ларындағы әріптестік пен күн тәртібіндегі халықаралық, ай­мақтық мәселелерді талқылады. Сарапшылардың пікірінше, Шавкат Мирзиеёвтің сапары­ның негізгі мақсаты – екі­жақты сауда-экономикалық қаты­нас­тарға жаңа серпін беру. Өйт­кені Ташкент экспорт көлемін арттырғысы келеді. Оған қоса транспорт-логис­тика жүйе­сін де ілгерілету Өзбек­стан жоспарында бар.

Келісімдер кезінде Шавкат Мирзиеёв «Түркия мен Өзбек­станның серіктестігі жаңа па­рақ­қа жазылмақ», деді. Жиын­да соңғы екі жылдағы әріп­тестік жетістіктерін айта келе, келешек жоспарларымен бө­лісті. «Бүгінгі стратегиялық кеңес жұмысының басталуы да екі елдің достығына жаңа леп беретініне сенемін. Бізді Пре­зидент кітапханасының ашылуына шақыруыңыз да Өзбекстан халқына деген сый-құрметіңіздің белгісі. Тауар айналымының көлемін 5 млрд АҚШ долларына жеткізу үшін бар күшімізді салып жұмыс істейміз. Осы орайда 5 млрд АҚШ долларының шекті емес екенін айтып өткім келеді», деді Түркия президентіне алғыс білдірген Ш.Мирзиеёв.

Стратегиялық серіктестік кеңесінің алғашқы отырысында екі ел байланысындағы кенже қалған бағыттарға ба­сымдық беру келісілді. Өн­діріс, білім, туризм, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт сала­ларының дамуына негізделген үлкен жобалар тоқтағаны да кеңес барысында еске салынды. «Бұл тұрғыда Түркияның үлкен компанияларына арналған жалпы сомасы 1 млрд АҚШ доллары болатын бағдарламалар дайындап жатырмыз. Бұл іс-шараларды әрі қарай жалғастыру үшін әртүрлі қолдау көрсетуге ұсыныс алдық», деді Шавкат Мирзиеёв.

Екі мемлекет басшысының басқосуында, сондай-ақ жаһан­дық қауіпсіздік пен Орталық Азия мәселесі, Ауған­стан­дағы соңғы жағдайлар талқылан­ды. Осы орайда «Ауғанстан­да бейбітшіліктің орнауы үшін күш біріктіреміз деп келістік», деп мәлімдеді Режеп Тайип Ердоған. Серіктестік тақырыбынан бөлек, дін мәселесі де қаузалды. «Түр­кия­ның халықаралық аренадағы рөлі мен құрметі жыл санап артып келеді. Бауырлас мемлекеттің дамуы, елдегі бейбітшілік пен достық, келешекке нық жоспары қуантады. Болашақта бұлардың одан әрі дами, беки түсуіне біз де қолымыздан келгенше көмектесуге, қолдау білдіруге дайын екенімізді жеткізгім келеді», деп сөзін түйіндеді Өзбек­стан басшысы. Кездесу соңын­да Шавкат Мирзиеёв Режеп Тайип Ердоғанды Стра­тегия­лық серіктестік кеңе­сінің отырысына қатысу үшін Өзбекстанға шақырды.

Шавкат Мирзиеёв Түркияға бұған дейін 2017 жылдың қазанында барған болатын. Ал Түркия президенті 2018 жылы сәуірде Өзбекстанға сапарлаған еді.

Деректерге қарағанда, Өз­бек­­­стандағы Түркия қол­дауы­мен ашылған компаниялар са­­ны 915-тен 1306-ға өскен. Таш­­­­кентте Түркияның Ziraat bank-і, кілем, киім өндіретін кә­сіп­орын­дар мен құрылыс мате­риал­дарын шығаратын компаниялары жұмыс істейді.