Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёв жақында Түркияға ресми сапармен барған болатын. Түркияға зайыбымен бірге барған Өзбекстан басшысын Анкарада президент Режеп Тайип Ердоған мен Анкара басшылығы, ресми өкілдер қарсы алды.
Өзбекстан президенті әкімшілігінің хабарлауынша, ресми сапар президент Режеп Тайип Ердоғанның шақыруы негізінде болған. Іссапар барысында жоғары дәрежедегі кеңестермен қатар Стратегиялық серіктестік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Сонымен бірге Президент кітапханасы кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Екі ел басшылары саясат, экономика, сауда, инвестиция, қаржы, транспорт, байланыс, білім, мәдениет салаларындағы әріптестік пен күн тәртібіндегі халықаралық, аймақтық мәселелерді талқылады. Сарапшылардың пікірінше, Шавкат Мирзиеёвтің сапарының негізгі мақсаты – екіжақты сауда-экономикалық қатынастарға жаңа серпін беру. Өйткені Ташкент экспорт көлемін арттырғысы келеді. Оған қоса транспорт-логистика жүйесін де ілгерілету Өзбекстан жоспарында бар.
Келісімдер кезінде Шавкат Мирзиеёв «Түркия мен Өзбекстанның серіктестігі жаңа параққа жазылмақ», деді. Жиында соңғы екі жылдағы әріптестік жетістіктерін айта келе, келешек жоспарларымен бөлісті. «Бүгінгі стратегиялық кеңес жұмысының басталуы да екі елдің достығына жаңа леп беретініне сенемін. Бізді Президент кітапханасының ашылуына шақыруыңыз да Өзбекстан халқына деген сый-құрметіңіздің белгісі. Тауар айналымының көлемін 5 млрд АҚШ долларына жеткізу үшін бар күшімізді салып жұмыс істейміз. Осы орайда 5 млрд АҚШ долларының шекті емес екенін айтып өткім келеді», деді Түркия президентіне алғыс білдірген Ш.Мирзиеёв.
Стратегиялық серіктестік кеңесінің алғашқы отырысында екі ел байланысындағы кенже қалған бағыттарға басымдық беру келісілді. Өндіріс, білім, туризм, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларының дамуына негізделген үлкен жобалар тоқтағаны да кеңес барысында еске салынды. «Бұл тұрғыда Түркияның үлкен компанияларына арналған жалпы сомасы 1 млрд АҚШ доллары болатын бағдарламалар дайындап жатырмыз. Бұл іс-шараларды әрі қарай жалғастыру үшін әртүрлі қолдау көрсетуге ұсыныс алдық», деді Шавкат Мирзиеёв.
Екі мемлекет басшысының басқосуында, сондай-ақ жаһандық қауіпсіздік пен Орталық Азия мәселесі, Ауғанстандағы соңғы жағдайлар талқыланды. Осы орайда «Ауғанстанда бейбітшіліктің орнауы үшін күш біріктіреміз деп келістік», деп мәлімдеді Режеп Тайип Ердоған. Серіктестік тақырыбынан бөлек, дін мәселесі де қаузалды. «Түркияның халықаралық аренадағы рөлі мен құрметі жыл санап артып келеді. Бауырлас мемлекеттің дамуы, елдегі бейбітшілік пен достық, келешекке нық жоспары қуантады. Болашақта бұлардың одан әрі дами, беки түсуіне біз де қолымыздан келгенше көмектесуге, қолдау білдіруге дайын екенімізді жеткізгім келеді», деп сөзін түйіндеді Өзбекстан басшысы. Кездесу соңында Шавкат Мирзиеёв Режеп Тайип Ердоғанды Стратегиялық серіктестік кеңесінің отырысына қатысу үшін Өзбекстанға шақырды.
Шавкат Мирзиеёв Түркияға бұған дейін 2017 жылдың қазанында барған болатын. Ал Түркия президенті 2018 жылы сәуірде Өзбекстанға сапарлаған еді.
Деректерге қарағанда, Өзбекстандағы Түркия қолдауымен ашылған компаниялар саны 915-тен 1306-ға өскен. Ташкентте Түркияның Ziraat bank-і, кілем, киім өндіретін кәсіпорындар мен құрылыс материалдарын шығаратын компаниялары жұмыс істейді.