Оқырман есінде болса, өткен жылы дәл осы ақпан айында Еуропаның сән әлемінде ойып тұрып орнын алған, 20 жыл бойы Кристиан Диордың табыс тұмарына айналған №1 моделі Алла Ильчун, анығырағы Алла Қуантханқызы Елшінді өз халқымен табыстырған, таныстырған мақаламызды жариялағанбыз.
Өмірден озар алдында ғана әйгілі өнертанушы, сән әлемінің білгірі, ресейлік «Модный приговор» телебағдарламасының жүргізушісі Александр Васильевке әкесі қазақ екенін мойындап кеткен Алла Елшін туралы тұңғыш деректі фильм де түсіріліп, алдымен Парижде көрсетілді. Көп ұзамай осы ақпанда Берлин Иришевтің «Алла – DIOR-дың шығыс жұлдызы» фильмі әкесінің кіндік қаны тамған топыраққа да келіп жетті.
Бірден айту керек, Франция қазағы Берлин Иришев бастаған командаға –Франциядағы қазақтар қауымдастығына бұл деректі фильмді дүниеге әкелу оңайға түспеген. Біріншіден, авторлық құқыққа аса құрметпен қарайтын әрі аса құнтты Еуропа елдеріндегі архивтерде өмірі беймәлімдеу әйгілі модель туралы деректер жеткілікті болғанымен, оны қолға түсіру, іздеу, фильм барысында пайдалану арзанға да оңайға да түспегені анық.
Егер бір ғана фотоны жариялау, пайдалану құқығы 500 еуро, ол қатысқан сән көрсетілімдерінің бейне-жазбалары секундтармен бағаланатынын ескерсек, бұл шаруаның құны қаншалықты екенін бағамдайсыз.
Сонымен күллі Еуропадағы сән әлемінің қызғанышы мен қызығушылығын қатар тудырған және сән индустриясында азиялық келбетімен жаңа стандарттар енгізген, Париж подиумдарында жылдар бойы салтанат құрған Алла Елшін кім еді? Кристиан Диордың №1 моделі, кейін Ив Сен Лоранды да мойындатқан құмырсқа бел тұлғаның тағдырында тылсым оқиғалар ғана емес, жұмбақ жайттар да әлі жеткілікті.
Ақиқатында Алла Ильчунның Еуропада ешкімге ұқсамайтын модель ғана емес, тұлға екендігін Кристиан Диордың өзі де мойындап өткен ғой. Алла иығына ілген сән үлгісін ертесіне-ақ Элизабет Тэйлор, Марлен Дитрих сынды әлемдік кинематорграфияның саңлақтары, тіпті Еуропа ханшайымдары киіп шыққанын айтсақ та жеткілікті.
Ғажайып және барлық кезде бойында аздаған жұмбағы, бір қарағанды жалт еткізер қасиеті бар, белінің табиғи жіңішкелігі 46 см ғана болған Алла Елшіннің сән әлеміне келуінің өзі кездейсоқ, қызықты оқиға. Ақиқатында, ол бетінің әрі бар кезде Еуропаның бүкіл мода туралы журналдарының мұқабасынан түспеген.
Біз өткен жылы сымбатымен ғана емес, бес тіл меңгерген интеллектуалдығымен, ерек мінезімен де Парижді бағындырған қандасымызға қайта оралуға әлі себеп жеткілікті екендігін де жазғанбыз.
Өйткені өткен жылы еліміздің мәдени өміріндегі елеңдетерлік жаңалықтың бірі – «Муза DIOR. Алла Ильчунның тарихы. Қазақтан шығып, сән әлемін мойындатқан» атты кітап авторы Берлин Иришевпен өткен кездесу болды.
Бұл кітап Алла Ильчунның өмірін ғана емес, бұрын-соңды белгісіз болып келген деректер мен мұрағаттық құжаттарды барынша қамтыды десек те, автор әлі де мәліметтер жеткілікті болғандықтан, оның өмірі деректі, тіпті көркем фильмге сұранып тұрғанын айтқан болатын.
Айналып келгенде жанкештілікпен еңбек еткен Берлин Иришевтің түсіру тобы Алла Елшіннің тағдырына қатысты толық тарихи әділеттілік орнатты десе де болады. Француздар Алла Қуантханқызының қазақ екенін мойындады, қытай халқы таласқан жоқ, орыстар жиеніміз деп отыр.
Деректі фильмнің жабық көрсетілімінде Францияның Қазақстандағы бас консулы Алекс Шахтахтинский де ақиқатқа жүгініп, Алла Елшіннің өмірі туралы өзге де қызықты деректерді ортаға салды. Ал ақын Олжас Сүлейменов: «Ақжан Машани әл-Фарабиді тапса, мен Сұлтан Бейбарысты, Берлин Кенжетайұлы Алла Елшінді тапты» деді.
Әрине Алла Елшінді әл-Фараби, Сұлтан Бейбарыс сынды тұлғалармен шендестіре алмасақ та, әлемдік деңгейде атын қалдырған адам және қазақ болып қала бермек. Мәселен, дүниежүзілік Мода тарихын індете зерттеген Александр Васильев те «Егер биліктен қолдау тапса, Алланың есімі мен бейнесі Қазақстанда бір ескерткіш тұрғызуға сұранып тұр» деген сөзді бекер айтпаған болар?! Деректі фильмнің тұсаукесеріне жиналған әйгілі адамдардың осы мәселедегі пікірлері бір жерде тоғысып, арғы аталарымыз әлемді батырлығымен, білім-ғылыммен ғана емес, моданың ең жоғары мінберіне дейін көтерілген Алла Елшін сияқты қыздарымен де мойындатқан десіп жатты.
Амандық болса, алдағы уақытта Алла Елшін туралы деректі фильм оның тағдырында із қалдырған Франциядан бастап, Қытай, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания елдеріне сапар шегеді.
Осының бәрі неден басталып еді? Деректі фильм мен кітап авторы Берлин Иришев 1996 жылдан бері Франция мемлекетінде тұрады. Бұрынғы дипломатқа өз қандасы жайлы кітап жазу идеясы күтпеген жерден пайда болғанын бұған дейін де баяндағанбыз. Ол 2018 жылдың жазында Парижде қыдырып жүріп, Алла Ильчунның Леон Цейтлин салған портретін көріп, сатып алып қазақтарға мақтанышпен көрсетпек болады. Артынша 60-қа келгенде ғана әкесінің қазақ екендігін мойындап кеткен модель туралы кітап жазуға шешім қабылдайды.
Автор кітапты жазу және деректер жинақтау барысында мистикалық оқиғалар мен сәйкестіктердің өте көп болғанын айтады. Бұл да болса сән әлемінде «шығыс маржаны» атанып, ерекше жаратылысымен Еуропаны өзіне жалт қаратқан қазақ қызының авторға әрі қандасына деген тылсым қолдауы болса керек.
Берлин Кенжетайұлы кітап құрастырылып, деректі фильм түсіріліп біткенше өзін бір тылсым жетектеп, бәрін үйлестіргені, бұл да болса біз білмейтін құбылыстар мен «аруақ жебейді» дегеннің бар екенін айтып келеді.
Ақиқатына келсек, өмірден өткенше «Кристиан Диордың қытай моделі» атанған Алла Қуантханқызы Елшін патшалы Ресей мен Қытай бірігіп Харбинде темір жол салынып жатқан кезде туып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияда партизандық еткенін, одан кейін Кристиан Диордың №1 моделі болғаны тарихи дәлелдермен дәйектеліп келеді.
Әлі де Алла Елшін туралы ізденген топты әрі тәнті етіп, әрі таңғалдырған деректер кезегімен табыла бермек. Ең бастысы, оның жалғыз ұлы Марк де Дюльмен де анасының қазақ қызы екендігін жоққа шығармайды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлі есін жимаған әлемге әйелдік нәзіктікті оралтауға ұмтылған жас Кристиан Диордың музасы туралы 1949 жылдан бастап әрісі АҚШ, Франция, Англия, Бразилия, Жапония, тіпті Аустралияның белді басылымдары жарыса жазып, суреттерін таласа жариялағаны тарихтан белгілі. Оның үстіне жоғарыда атап өткендей, Алла 1967 жылы Франция азаматтығын алғанға дейін Еуропа оны «қытай» деп білді. Ал енді мына дүниеден озарында қазақ екендігін мойындап өткен модель әлі де талай жұмбағын өзімен алып кеткені сөзсіз. Біз Алланың өмірі туралы өткен жылы барынша ретімен баяндап шыққанбыз.
Мәселен, 1963 жылы Women’s Wear Daily басылымының журналисі: «Алланы бәрі үлкен қошеметпен қарсы алды. Оның жұмбақ аурасы бүкіл көрсетілімді ерекше күйге бөлеп кетті. Ғажайып бейнесі мені баурап алғаны соншалықты, үстелімнен ұшып кете жаздадым» деп жазады.
Ал Алла Елшін туралы деректі фильмде оның көзін көрген Кристиан Диор мен Ив Сен Лоран сән үйлерінің байырғы қызметкерлері, достары, танымал өнертанушылар өте қызықты баяндайды.
Не десек те, Еуропаның мода әлеміне бөлек болып келіп, ерек болып өткен Алла Ильчун сән әлемінің қайта тумайтын тұлғасы туралы әңгіме әлі де табылады.
АЛМАТЫ