Бүгінде бұл оқиға туралы тек нақты мәліметтер ғана жария етілуде. Алдағы уақытта оның себеп-салдары сараланып, ауқымды талдау жүргізілері анық. Дегенмен, бір нәрсе анық мәлім. Ол – әскери бөлімдегі тәртіп пен қызметтік міндетке жауапкершіліктің босаңсуы, бәлкім болмауы.
Әйтпесе Ордабасы ауданы Бадам елді мекені жанындағы 10 216 әскери бөлімінен 30 автомат, 27 пистолет, 2 ПМТ, 420 дана 5,45 калибрлі, 24 дана 9 мм калибрлі патрондар ұрланбас еді. Ереже, әскери тәртіп сақталса, қаңтар айының соңынан, ақпанның жиырмасына дейін қару мен оқ-дәрілер қолды болмас еді. Иә ақпанның 20-сында жария болған ұрлықтың соңғысы 19 күнгі түнгі 23-тер шамасында болған. Ал таңғы сағат 7.30-да кезекші шұғыл оқиға жайында ақпарат алған. Әскери қызметші Абылай Балғынбайдың қызмет орнын тастап, қару-жарақ алып кеткені белгілі болады. Аға лейтенант Шорасуловтың орнына кезекшілік атқарған сарбаз офицердің қалтасынан қару-жарақ қоймасының кілтін байқатпай алған.
Күзет дабылын өшіріп, қару-жарақтарды көтергенінше алып шыққан. Кілтті қайтадан кезекшінің қалтасына салуды да ұмытпаған көрінеді. Қару-жарақ бұған дейін де ұрланған. «Қаңтардың соңынан бастап ақпан айының ортасына дейін қару-жарақ қоймасына өздігінен кіруге рұқсат алған сарбаз күніне бір-екі қарудан ұрлап кетіп жүрген. Кейін бұл қылмысқа достарын тартқан. Қарулардың басым бөлігі 20 ақпанға қараған түні ұрланған», деді Ішкі істер министрлігі Тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов журналистерге берген сұхбатында.
ҰҚК мен ІІМ бірлескен жедел-тергеу тобы ұрлыққа қатысы барлардың барлығын ізін суытпай ұстап, қаруларды тәркіледі. Сатылған екі тапанша да табылған. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі Түркістан облысында орналасқан әскери бөлімде қару-жарақтарды қосымша түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Сонымен қатар үш лауазымды тұлға, атап айтқанда дивизия командирі, жедел кезекші, сондай-ақ келісімшарт бойынша қызмет еткен қатардағы сарбаз әскери қызмет ережелерін бұзған және қарудың ұрлануына әкеліп соққан немқұрайдылықтары үшін қазіргі уақытта ұсталып, қамауға алынды», деді Санжар Әділов. Тергеу мәліметтері бойынша келісімшартпен әскери қызмет атқарған сержант А.Балғынбай 1995 және 1996 жылғы сырттағы екі досымен 29 автомат, 24 тапанша алып қашқан. Ішкі істер министрлігі 291 (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу) және 453-баптар (қызметке салғырт қарау) бойынша қылмыстық істерді тіркеген. Тергеу сотының санкциясымен ұсталған адамдар қамауға алынған. «Сонымен қатар жекелеген лауазымды адамдардың, оның ішінде әскери бөлім басшылығының қызметтік міндеттерге немқұрайды қарағаны үшін жауапкершілікке тарту туралы мәселесі қарастырылуда. Тергеу жалғасып жатыр», деді Тергеу басқармасының бастығы.
Бұл оқиғаға қатысты күдіктілер тиісті жазасын алар. Ал көпшілік бүгінде тұрақты жұмыс орны, жалақысы бар 25 жастағы жігіттің қылмысқа барғанын түрліше жоруда. Әскери қызметке орналасудың өзі оңай емес, бірнеше тексеруден өтеді. Онымен қоймай жас жігіт жаманатты болмаған. Ауылдастары да жас жігітті жамандыққа қимайды. Қарапайым, тәрбиелі азамат екенін айтады. Көп балалы отбасында өскен. Ал оның әкесі ауылдағы сыйлы азаматтардың бірі. Абылай ұлдан үйдің үлкені, оның мектепте оқитын інілері мен студент әпкесі бар екен. Әскерге дейін Шымкентте арнайы орта білім алған. Осындай азаматтың теріс жолға түсуіне, анттан аттауына қандай орта немесе қандай жағдай себеп болғаны әзірге белгісіз.
Түркістан облысы