12 наурыздан бастап қан майданда жеңілістен жасқанбай, қарсыластан тайсалмай елдің шетіне, жаудың өтіне, жаудың бетіне тік тұрып, қара үзген қазақ батырлары туралы - «Батырлар» тарихи картинасы еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастайды.
Қазақстан тарихындағы қаһарман-батырлар мен баһадүрлер туралы кинофильм еліміздің үлкен экрандарынан жол тартады. Аталмыш туындыға Қарасай батырдың, сондай-ақ, оның досы Ағынтай мен Таймас батырлардың өмірі мен ерлігі арқау болады.
«Қазақ киносында қазіргі заманның батыры жоқ. Мәселен, Қарасай батыр өз елі мен отбасы үшін күрескен нағыз азамат. Оның балалары соғыста қайтыс болған. Өзі 19 жекпе-жекке қатысып, біреуінен де жеңіліс көрмеген. Ол қазақ халқының бірлігін аңсаған. Кинофильмді көрген жастар өз ата-бабаларының қазіргі кездегі еліміздің жағдайы үшін қалай күрескенін көре алады», - дейді кинокартинасының режиссері Асқар Ұзабаев.
Еңбек жолында алғаш рет тарихи жанрда толықметражды «Батырлар» кинокартинасын таспалаған режиссер Асқар Ұзабаев: «Ол замандағы қазақ батырларының бәріне тән тек бір ғана бір ортақ мүдде, ортақ қасиет бар. Ол - Отанына, халқына деген шексіз сүйіспеншілік. Бұл кинофильм - «кескеліскен шайқастарға толы», себебі, сол кездің адамдары аз сөйлеп, дау-дамайдың барлығы білектің күшімен шешілген»,- деп сөзін аяқтады.
Кинофильмде көрермен орта ғасырдағы соғыс пен қантөгіске толы заманға саяхат жасайды. Осындай қиын-қыстау заманда дүниеге келген бозбаланы тағдыры батыр болуға итермелейді. Жастайынан ер мінезді болып өскен Қарасайды әкесі Алтынай батырлық пен батылдыққа баулып өсіреді. Қарапайым бозбала қолбасшы атағына қалай жетті? Ол қандай шайқастарда жеңіске қол жеткізді? Қазақтың кең даласын сақтап қалу үшін ол қандай қадамдарға барды? Осы сұрақтардың жауабын «Батырлар» кинотуындысынан көре аласыздар.
Фильмде басты рөлдерді - Ержан Нұрымбет, Назар Шерхан, Мұрат Бисенбин, Самал Еслямова және т.б. актерлер сомдайды.