Алматыда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай бейнелеу өнері көркем туындыларының көрмесі ашылды. «Білгенге маржан» деп аталған көрмеде жас суретшілердің таңдаулы туындылары қойылған.
Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетте шымылдығын түрген шараның ұйымдастырушысы – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы. Ұлт руханиятының айнасы саналатын ұлы ақынға арналған көрменің мақсаты – рухани тұрғыдан дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру дейді шараны ұйымдастырушылар.
«Көрмеге қатысқан барша қылқалам шеберлеріне шығармашылық шабыт, толайым табыстар тілеймін. Биыл еліміздің аймақтарында Абай рухын аспандатқан шаралар көптеп өтеді. Соның барлығы игі-жақсылықтың бастауы болғай. Абай мұрасы ұрпақтың ажырамас темірқазығы» дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының проректоры Сәкен Майғазиев.