Семейде жұмыртқа 120 теңгеден сатылымға шықты. Жақында ғана іске қосылған «Ақтөбе-Ертіс» фабрикасы тұрақтандыру қорымен бірлесе жұмыс істемек. Қала тұрғындары бұған дейін шеттен әкелінген өнімдермен қамтылып келген болатын. Әзірше қаланың 8 сауда нүктесінде ғана он жұмыртқа данасы 120 теңгеден сатылып жатыр. Бұл игі бастама алдағы уақытта қаланың қалған аумақтарын да қамтитын болады.
Семейде жұмыртқа 120 теңгеден сатылымға шықты. Жақында ғана іске қосылған «Ақтөбе-Ертіс» фабрикасы тұрақтандыру қорымен бірлесе жұмыс істемек. Қала тұрғындары бұған дейін шеттен әкелінген өнімдермен қамтылып келген болатын. Әзірше қаланың 8 сауда нүктесінде ғана он жұмыртқа данасы 120 теңгеден сатылып жатыр. Бұл игі бастама алдағы уақытта қаланың қалған аумақтарын да қамтитын болады. Қазақстанның өзге қалаларында жұмыртқа бағасы шарықтап тұр. Ал семейлік кәсіпкерлер өз бастамаларын жақсы жолға қоя алса, ең тиімді өнім ретінде өзге өңірлермен де байланыс жасау нығая түспек. Мәселен, бұрындары Семейге жұмыртқа Ресейден тасымалданатын. Әсіресе, мереке-мейрам күндері жұмыртқа бағасы шарықтап шыға келетіндігі рас. Бұл өнімнің бағасын тұрақтандыру үшін қалалық әкімдік те біршама шаруалар атқарды. 2011 жылдың ортасына дейін Семейде жұмыртқамен қамтудан проблема болған жоқ. Өнімді жергілікті ірі құс фабрикасы шығаратын. Бір жарым жыл бұрын «Семей құс» ЖШС жұмыртқа өндіруден бас тартып, тікелей құс етін шығаруға көшті. Сөйтіп, Семейде жұмыртқа азайып кетіп, есесіне құс еті молынан өндірілді. Ал Ресейден келетін жұмыртқалардың бағалары көлікпен жеткізу есебінен қымбат болып, тұтынушылар 20 күн өтіп кеткен жұмыртқаларды алуға мәжбүр болды. Тәртібі бойынша жұмыртқа кем дегенде он күн ғана сақталуы керек. Қалалық әкімдікке жұмыртқа өндірісін жолға қойсам деп «Ақтөбе-Ертіс» ЖШС-ның директоры Қайрат Уәлиев ұсыныспен шыққанда шешім табылғандай болды. Сөйтіп оның жобасы мақұлданып, «Ертіс» ӘКК көмекке келетін болды. Жүзеге асыру үшін 147 млн. теңге бөлінді. Ал 201 млн. теңгені «ҚазАгроҚаржы» АҚ бөлді. Кәсіпорынның бөлетін өз қаражаты 153 млн. теңге болып, жалпы жоба құны 501 млн. теңгеге бағаланған.
– Біз күніне 25 мың жұмыртқа өндіреміз, – дейді «Ақтөбе-Ертіс» ЖШС-ның бас технологы Амангелді Қабыкенов, – сол күні-ақ өтіп кетеді. Жергілікті өнімді тек 2-3 күн ғана сақтауға болады.
Сапалы өнімді халық қана емес, бүгіндері жергілікті кәсіпкерлер де сатып ала бастады. Олар Семейдің маңындағы ауылдар мен аудандарға тасып жеткізуде. Сөйтіп, Семейдегі жұмыртқа фабрикасы іске қосылған күннен бастап қызу саудаға енді.
– Бүгінге дейін қала дүкендерінде жұмыртқаның бағасы 200 теңгеге дейін жеткен еді, – дейді ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Ауданбек Қаратаев. – Негізінен көрші елдерден келетін. Енді мына фабрика жылына 24 млн. жұмыртқа өндіреміз деп отыр. Осының арқасында қала халқын толықтай қамтитын болмақпыз.
«Семей» супермаркеті, «Нива», «Титов, 146», «Квартал», «Колос», «Маяк» және Дальнийдағы «Айнұр» дүкенінде тұрақтандыру қорының өнімдері арқылы 120 теңгенің жұмыртқалары сатылуда.
– Біз «Ертіс» ӘКК-нің еншілес кәсіпорны «Ақтөбе-Ертіс» фабрикасымен келісімшартқа отыру арқылы, тұрғындарды сапалы өніммен қамтуды қолға алып жатырмыз, – дейді «Шығыс-Самғау» ЖШС директорының орынбасары Талғат Мұратов, – жұмыртқа іріктелген, бірінші, екінші сортты болып шығарылмақ. Бірінші күннен байқағанымыз, тұтынушылардың сұранысы ерекше болды.
Қалалық әкімдік жаңа өндіріс орны «Ақтөбе-Ертіске» «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының мүмкіндігін пайдалануды ұсынып отыр. Себебі, жұмыртқа өндірушілерге электр энергиясы үздіксіз болуы қажет екен. Ал бағдарлама аясында мемлекет өндіріс орнын қажетті инфрақұрылыммен, су, электр энергиясының дұрыс жеткізілуі үшін сапалы технологиялармен қамтылуына мүмкіндік туғызбақ.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.